Қарағанды облысында 8 жерге санитарлық бекет қойылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 8 жерге санитарлық бекет қойылады

16.10.2020

Ақмола облысында карантин талаптары күшейтілді. Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес бүгіннен бастап жаңа ережелер күшіне енді. Көкшетауда демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді. Сондай-ақ, сенбі-жексенбіде ауданы 1000 шаршы метрден асатын сауда орындары жұмыс істемейді. Мешіттер мен шіркеулер де демалыста жабық. Жаңа талап бойынша мемлекеттік қызметкерлердің 80 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшуі тиіс. 

Айнагүл Мусина, Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы:
-Облыста қазан айында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 50-ден асты. Бүгін тағы 6 науқас анықталды. Өкінішке орай, өсім бар. Сондықтан карантин күшейтілді. Шамамен 2 аптаға жоспарлап отырмыз. Кейін жағдайға байланысты шешім қабылдаймыз. Карантин талаптарын сақтау бойынша бақылау топтары жұмысын жалғастырады. 

Ал Қарағанды облысында 19-ынан бастап 8 жерге санитарлық бекет қойылады. 65 жастан асқан адамдарға далада жүруге болмайды. Мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйым қызметкерлерінің 50%-ы қашықтан жұмыс істеуі тиіс. 

Сондай-ақ Павлодарда шектеу күшейді. Сенбі-жексенбі күндері азық-түлік дүкендері, қоғамдық тамақтану орындары 22:00-ге дейін ал, сауда үйлері мен базарлар, қызмет көрсету нысандары кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Жексенбіде қоғамдық көліктер тоқтайды.

Ал Атырау облысында карантин керісінше, жеңілдетілді. Бассейндердің, жаттығу залдарының, фитнес-орталықтарына сағат 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Дегенмен, бір уақытта келушілер саны 50 адамнан аспауы тиіс.  


Ермек Елберген 

Қарағанды облысы санитарлық бекет

Хабарламаларға жазылу