Коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР тестілеудің құны 8870 теңгеден аспауы керек. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осындай ұсыныс жасап отыр. Құзырлы орган отандық зертханалардың тестілеу процесін, қызметкерлердің қорғаныс құралдары мен еңбекақысы, кірісі мен шығынына сараптама жасай келе, ең минималды бағаны ұсынды. Ал оны жеке сектордағы зертхана иелері мақұлдай ма, жоқ па әзірге белгісіз. Келіссөз жүргізілуде.
Пандемияның алғашқы толқынында халықтың 55 пайызы ПТР тестілеуді ақылы өткен. Қазір елімізде ПТР құны 15000 болса, ең төменгі баға - 11500 теңге. Ал шетелдік жағдайды салыстыратын болсақ, ең арзаны Беларусьте – 6000, Қырғызстан мен Румынияда - 10 мың теңге, көрші Ресейде 12500 теңге. Армения, АҚШ, Испания, Болгария, Украина, Франция елдерінде ПТР диагностика құны 21 мыңнан асады. Ең қымбат баға Германияда - 27000 теңге.
Раушан Сайлауқызы