Жоғарғы кеңес Бішкекте төтенше жағдай режимін тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғарғы кеңес Бішкекте төтенше жағдай режимін тоқтатты

16.10.2020

Бүгін еліміздің Сыртқы істер министрі Қырғызстандағы ахуалға қатысты мәлімдеме жасап, ондағы «жағдайдың айқындалып келе жатқан тұрақталу үрдісін ризашылықпен қабылдайтынын» атап өтті. Сонымен қатар, Мұхтар Тілеуберді көрші мемлекеттің жаңа үкіметін тұрақтылыққа, заң үстемдігіне, қоғамды біріктіруге, экономикалық дамуға жағдай жасауға шақырды. 

Бүгін Қырғызстан саясаты экс-президент Сооронбай Жээнбековпен қош айтысты. Оның оппоненті – премьер-министр Садыр Жапаров өзін мемлекеттің уақытша басшысы деп жариялады. Ал, ел экономикасына тәртіпсіздіктерден жүздеген миллион сом шығын келіп, ондаған бизнес-жоба доғарылған. Бүгін Қырғызстан парламенті Сооронбай Жээнбековтың отставкасын қабылдады. Ол президенттіктен кеткенін бейсенбі күні жариялағаны белгілі. Осыдан бірер сағат бұрын қырғыздың бұрынғы басшысы заң шығару органына өзінен билікті талап етіп, кешеге дейін ауқымды шерулер өткізген Садыр Жапаровпен келді. Содан кейін Жээнбеков мінберден сөз сөйлеп, арының таза екенін айтып, халықтан кешірім сұрады. 

Сооронбой Жээнбеков, Қырғыз Республикасының бұрынғы президенті:
-Біз жұмыс істеген жерде бірқатар проблемалар болды. Сол үшін халықтан кешірім сұрағым келеді. Әрбір отандасыма денсаулық пен бар жақсылықты тілеймін. Әр отбасы бақытқа бөленсін. 

Кезектен тыс отырыстан кейін депутаттар республиканың экс-лидерін қошеметпен шығарып салды. 51 жастағы Жапаров 2017 жылы Ыстықкөл облысының губернаторын кепілдікке алу оқиғасы бойынша 11 жарым жылға сотталып, биыл қазанның 4-інде болған сайлаудан кейінгі тәртіпсіздіктер кезінде түрмеден босатылды. Ол – бейсенбі күні президент міндетін уақытша атқаруға кірісті. 

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасы президентінің міндетін уақытша атқарушы:
-Билік заңды әрі бейбіт жолмен ауысты, сол үшін баршаңызға мың алғыс айтамын.

Тағы бір айта кететін жайт, Жоғарғы кеңес Бішкекте төтенше жағдай режимін тоқтатты. Ал мерзімінен бұрын парламент сайлауы биыл желтоқсанның 20-да, президент сайлауы келесі жылы қаңтардың 10-да өтуі мүмкін.

Соңғы мәліметке қарағанда, тәртіпсіздіктерден елдің жалпы ішкі өнімінің 3,6 пайызына пара-пар немесе 310 миллион сом шығын келтірілген. Сонымен қатар, қырғыз нарығына кіргісі келген инвесторлармен келіссөздер үзіліп, 210 миллион доллардың 20 шақты бизнес-жобасы доғарылып отыр.

Арыстан Рысбек

Бішкек төтенше жағдай Қырғыз Республикасы Садыр Жапаров

Хабарламаларға жазылу