Алматыда Мемлекеттік хатшының қатысуымен Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы қорытындыланды. Мегополиске жұмыс сапарымен келген Қырымбек Көшербаев Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Одан әрі әйгілі Әл-Машани деген атпен танымал фарабитанушы Ақжан Машановтың бюстінің ашылу салтанатына қатысты.
Ғалымдармен кездесу барысында Әл-Фарабидің мерейтойлық жылы ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен халықаралық деңгейде атап өтіліп жатқанын айтты. Пандемияға қарамастан, отандық фарабитанушылар мен ғылыми қоғамдастық ұлы ғалымның мұрасын елде және бүкіл әлемде кеңінен насихаттау бойынша орасан зор жұмыс атқарды. Әл-Фарабидің дәйексөздер жинағы, 7 монография, сонымен қатар «Қайырымдылық» ойлары мен нақыл сөздер жинағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Сондай-ақ, бұрын жарияланбаған үш трактаты араб тілінен қазақ тіліне аударылды.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:-Біздің өнертанушы ғалымдарымыздың Әл-Фараби жұмыстарын негізге алып, бүгінгі өнертану ғылымын ілгерілетіп жатқанын айтып кету керек.