Елімізде мақтаның келісі 130 теңге деп белгіленгенімен түркістандық диқандар өнімдерін бұл бағамен өткізе алмай отыр. Терімнің басталғанына 20 күн өтсе де, Ордабасы ауданындағы зауыт мақтаның келісін 100 теңгеден ғана сатып алуда. Ал, ала жаздай бел жазбаған шаруалар пайда көрмек түгілі шығынымызды да жаба алмадық деп налиды.
Төрткөл ауылында тұратын Лесхан Тоқсанбаев биыл 18 гектар жерге мақта еккенімен, еңбегі ақталмады. Себебі шаруаның шығыны гектарына 250 теңгеден асып кетті. Амал жоқ, ақ алтынның келісін 100 теңгеден саудалады, бірақ қолына тиген бір тиын ақша жоқ.
Лесхан Тоқсанбаев, шаруа:
-Қазір теріп өткіздік, әлі ақша берген жоқ. 100 теңгеден аванс береміздеп жатыр, оны да алған жоқпыз әлі. Оның үстіне таразы жағынан да барлығына процент қойып қойған. Шаруалар шырылдайды, бірақ ештеңе қолдарынан келмейді.
Ерлан Тоқсанбаев, шаруа:
- Жазымен істеген еңбегіміз қайда қалады. 130 бен тоқтаса біздің шығынымызды өтеу қиын.
Мақтаарал мен Жетісайдағы зауыттар болса, мақтаның келісін 130 теңгеден қабылдап жатыр. Ал Үкімет бекіткен шекті бағаны місе тұтпай шаруаларды шырылдатқан ордабасылық зауыт өкілдерінің өз есебі бар.
Мейірхан Батырбек, «Нұр-Агро» мақта зауытының директоры:
- Шетелдік компаниялармен келісімшарт жасап жатырмыз.Неғұрлым мақтаны шетелге қымбаттау сатсақ, үстіндегі артық ақшаны сол шаруаларға береміз.
Індеттің кесірінен өндірісі тұралаған шетелдік кәсіпорындар да ақ алтынға сұранысты азайтты. Еуропадағы тоқыма өндірісі тоқтап, Ливерпуль биржасында баға 170 теңгенің шамасында қалды. Соған қарамастан жергілікті билік трейдерлік компанияларға бағаны көтеру туралы ұсыныспен шыққан. Алайда, мақтаға сұраныс жоқ.
Тұрғанбек Оспанов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Сұранысқа байланысты 80 мың гектар жерге мақта егуіміз керек. Ал біз қазір 125 мың гектарға егіп қойдық. Бұл шикізат көп болғандықтан баға сондай болады.
Өзбекстанда баға келісіне 250 теңгеге дейін барады. Бірақ, ол жаққа өткізуге мүмкіндік жоқ. Қалай болғанда да шаруаларға биылғы күз берекелі болмай тұр. Мақта бағасын қалай белгілесе де келіспеске амал жоқ. Өйткені шаруалар сол зауыттардан көктемде шит әрі ақша алған. Енді сол қарызды қалай да өтеу керек.
Айнұр Ақбаева