Әлемде коронавирус жұқтырғандар 38 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар 38 миллионнан асты

14.10.2020

Әлемде соңғы 3 тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны миллионға артып, 38 милионға жетті. Олардың бір миллионнан астамы қайтыс болды. Індет әсіресе Еуропа мен қос Америка елдерінде ушығып тұр. Қарт Құрлықта шектеу шаралары күшейтіліп жатыр. Дегенмен, мемлекеттер тағы локдаун жариялауға дайын емес.  Ресейде жаңа антирекорд. Өткен тәулікте коронавирус 14231 адамнан анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі адамдардың қауіпсіздікке жіті мән бермей отырғанына алаңдап отыр. 

Еуропа елдерінде де коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдер емес. Көптеген мемлекеттер карантин талаптарын күшейткенімен, әзірге оның тиімділігі байқалмай тұр.

Божан, жергілікті тұрғын: 
-Мен қазіргіден де қатаң шаралар енгізер едім. Алайда, бұның саясат, экономика үшін кері әсері басым. Жаңа шектеулермен тұрмыс қиындайды. Өмір сүру үшін басқа жолдарды қарастыру керек.

АҚШ-та ковидке шалдыққандар саны 7 миллион 850 мыңнан асты. 26 штатта науқастар саны 100 мыңнан асып отыр. Олардың он шақтысында ауруханада емделушілердің саны рекордқа жеткен. Президент сайлауы жақындаған сайын қауіп те күшеюде. Сейсенбіде алдын ала дауыс беруге 10 миллионнан астам адам қатысты. Францияда өткен тәулікте қауіпті инфекция 13 мыңдай адамнан табылды. Дерт дендеген сайын, ғалымдар вирусты жылдам анықтаудың амалын ойластырып, тестілердің түр-түрін шығарып жатыр. 

Александра Прие, Skillcell/alcediag компаниясының бас директоры:
-Тестің ерекшелігі – оны кез келген жерде жасай беруге болады. Үлгі тек сілекейден алынады. Нәтижесі де небәрі 40 минутта дайын болады. Сынамадан соң үлгі түсі сары болса коронавирус бар, ал қызғылт болса вирус жоқ дегенді білдіреді.

Ылғалды ауа коронавирустың таралуын едәуір тежейді. Жапон ғалымдары осындай тұжырымдама жасады. Зерттеу бойынша, ылғалдылығы аз бөлмеде инфекция бөлшектері екі есе көп болатыны анықталған. Сондықтан мамандар құрғақ орындарда, әсіресе қыс мезігілінде ауа ылғалдатқыштарды қолдануға кеңес береді.

Жансая Қапасқызы

Әлем коронавирус

Хабарламаларға жазылу