Газ құю бекеттерінде жұрт сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Ал тұрғындар болса, күнделікті тұрмысқа қажет газ баллондарын толтыра алмай әлек. Көкшетаулық Бағлан Әміржанов қаланы шыр айналып, газды тек осы бекеттен тапты. Біржола үлкен баллонды толтырып алмақ. Себебі көгілдір отын тапшылығы қашанға дейін жалғасары белгісіз.
Бағлан Әміржанов, қала тұрғыны:
-Жайлау шағын ауданынан бастап Уәлиханов көшесіне дейін міне, 10-ыншы бекетте газ жоқ.
Ал көлік жүргізушілерінің жағдайы тіпті қиын. Қаладағы санаулы бекеттердің өзінде газ не талонмен ғана беріледі я бағасы аспандап кеткен.
Санат Бегенов, қала тұрғыны:
- Екі жұма болды газбен қиындық болып жатыр. Кейбір болған жерлерде қымбат. 60-тан 65-ке дейін барды. Қайдан құярымызды білмей жүрміз.
Газ құю бекетіндегілердің айтуынша, отын облысқа жүйелі жеткізілмей тұр. Сондықтан біраз бекеттер жұмысын тоқтатқан. Тек ірілері бар қормен амалдап жатыр. Жергілікті билік мәселенің бірер күнде шешіле қоймайтынын айтады.
Жасқайрат Садықов, Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
-Облыстағы газ тапшылығы өндіруші зауыттардағы жөндеумен және өндіріс көлемінің азаюымен байланысты. Жөндеу жұмыстары қыркүйекте басталды. Қашан аяқталатыны бізге белгісіз. Шамамен қазан айының соңында. Осы аралықта газ тапшылығы болады.
Қостанай облысында да көгілдір отын тапшы. Өңірге, шамамен, 235 тонна сұйытылған газ жеткізілгенімен, қажеттілікті өтемей тұр. Елордада да жағдай мәз емес. Көлік жүргізушілері қаланы шарлап әрең табады. Онда да бағасы жол бойындағы бекеттерден 15-20 теңгеге қымбат.
2-3 апта бұрын Маңғыстау облысында да газ тапшылығы сезілді. Ақтаудағы бекеттердің көбі жұмысын тоқтатып, отынның жоқтығы тұрғындардың наразылығын тудырған еді.
Ермек Елберген