Елордадағы жер үйлерге улы газды ескертетін құрылғы қойылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы жер үйлерге улы газды ескертетін құрылғы қойылады

15.10.2020

Бүгін түнде Шығыс Қазақстанда 4 адамға ыс тиді. Оның екеуі бала. Абырой болғанда, барлығы дін аман. Оқиға мұржаның дұрыс тазаланбағанынан болған. Ал елордада жеке сектордағы үйлерге көмірқышқыл газын анықтайтын дабыл құрылғыларын орнату жалғасып жатыр. Бұл шаралар өрт пен ыс тию оқиғаларының алдын алуға бағытталған. 

Дабыл құрылғылары әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар мен қарт адамдардың үйлеріне орнатылады. Өткен жылы елордада мыңнан астам шаңырақ осындай аппаратқа ие болған. Биыл тамыздан бері 118 баспанаға орнатылды. Өкініштісі, тұрғындар тарапынан құрылғына өз еріктерімен алып тастау фактілері орын алып отыр. 

Қуаныш Тоқсарин, Сарыарқа аудандық ТЖБ бастығы: 
Заң бойынша біз оларға ешнәрсе қолдана алмаймыз. Біз тек қана осындай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Мұндай дабыл құрылғыларын жеке сектордағы басқа тұрғындар өз еріктерімен орната алады. Қарапайым жұмыс істейтін аппараттың құны 5 мың теңге төңірегінде. Өрттің алдын алу шаралары жыл сайын ширап келеді. Бірақ қайғылы оқиғалар азаймай тұр. Мәселен, айдың басында Таразда бір үйдің 2 баласы газға уланып қайтыс болды. Сәбилер ересектердің қарауынсыз қалған. 

Айтқазы Қарабалаев, Тараз қаласының әкімі:
Сіріңкемен ойнаған. Шәй ішетін жердегі үстелдің айналасы бәрі сіріңке. 

Бес күн бұрын шығыста 2 бала ыс тиіп көз жұмды. Туыстарының үйінде пеш жаққан олар түтіндіктің жапқышын ашуды ұмытып кеткен. Олардың қасында ересектерден ешкім болмаған. Кеше ғана Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйдегі пәтер өртенді. Шұғыл түрде 60-қа жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт сөндіргіштер қызыл жалыннан 4 адамды құтқарды. Оның 3-еуі бала. Қазір өрттің себебі анықталуда.

Дарын Сағитов


Нұр-Сұлтан дабыл құрылғылары өрт газ

Хабарламаларға жазылу