Нұр-Сұлтанда несие алаяқтарына қатысты 1300-ге жуық қылмыстық іс тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда несие алаяқтарына қатысты 1300-ге жуық қылмыстық іс тіркелген

13.10.2020

Елімізде интернет алаяқтары көбейіп барады. Пысықайлар қарапайым адамдардың жеке сәйкестендіру номері немесе банк карточкаларының мәліметтерін алып, олардың атынан несие рәсімдейді. Бір ғана Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері осындай алаяқтық әрекетерге қатысты 1300-ге жуық қылмыстық іс тіркелген. Өкінішке орай, оның 478-і ғана ғана ашылған. 

Бұл - нұрсұлтандық Ольга Смирнованың атына несие рәсімдеп, сан соқтырған келіншектің дауысы. Телефонда осылай қысқа жауап берді. Екі ай бұрын Ольга хабарландырулар сайты арқылы балаларға арналған көлік креслосын сатқан. Айтуынша, қызығушылық танытқан бір келіншек хабарласып, ақша аударамын деп, банк карточкасының номерін сұраған. Артынша сылтауратып 20 сандық шотты да алыпты. Ақшаны аударған соң, такси жіберіп, тауарды алдырған. 

Ольга Смирнова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: 
-Екі сағаттан кейін әлгі келіншек телефон шалып, жолдасы қателесіп карточкама тағы 100 мың теңге салып жібергенін айтты. Ақшаны қайтарып беруімді сұрады. Ертесі ол соманы карточкасына салып жібердім.

Алайда жәбірленуші алаяқтардың арбауына түсіп қалғанын білмеді. Ольганың жеке мәліметтерін алып алған олар, әйелдің атына шағын несие рәсімдеп жіберген.

Ольга Смирнова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: 
-1,5 айдан кейін маған коллекторлық агенттіктен хабарласып, «НесиеSevenҚазақстан» серіктестігінен алған несиемнің төленбей жатқанын айтты. Жалпы қарызым 140 мың теңге. Төлеуден әрине бас тарттым. Бірден полицияға арыз жаздым.

Алматылық Кристина Драйчикова да осындай келеңсіз жағдайға тап болып отыр. Алаяқтар алдап соғып, екі бірдей онлайн несие рәсімдеген. 

Кристина Драйчикова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Ең өкініштісі, осындай шағын несие ұйымдары қаржы нарығында әлі де жұмыс істеп тұр. Алаяқтар 65 мың теңгеден екі несие рәсімдеген, жиыны 130 мың теңге. Мұның сыртында пайыздық өсімпұл мен сот орындаушының қызметі бар. Жиыны 172 мың теңге.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, интернет алаяқтарына қатысты қылмыстық іс өткен жылмен салыстырғанда 15 процентке артқан. Мәселен, соңғы екі айда 50 адамнан арыз түскен. Жәбірленушілердің 20-ға жуығы зейнеткер.

Саят Дүйсенбаев, Криминалдық полиция басқармасы кибер қылмысқа қарсы бөлімінің аға жедел уәкілі:
-5 қылмыс ашылды. Оның ішінде 3 адам ұсталып, қазіргі таңда тергеу іс-әркеттері жүргізілуде. Осы уақытқа дейін полиция департаментінде топ құрықталған жоқ. Жалғыз адам алаяқтық жолмен айналысуы мүмкін. 

Полиция өкілдерінің айтуынша, қылмысы дәлелденген күдікті бірінші рет жауапкершілікке тартылса шартты түрде бас бостандығынан айырылады. Ал бұрын сотты болса, келтірілген материалдық шығынның көлеміне қарай 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Дарын Сағитов





несие алаяқ

Хабарламаларға жазылу