Халықтың банктер алдындағы несиесі 6,9 трлн теңгеге жетті - Ұлттық банк - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықтың банктер алдындағы несиесі 6,9 трлн теңгеге жетті - Ұлттық банк

13.10.2020
Халықтың банктер алдындағы несиесі  6,9 трлн теңгеге жетті - Ұлттық банк

Халықтың кредиттері жыл басынан бері 6,9 трлн теңгеге жетіп,  3,7% ұлғайды. Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осындай ақпарат ұсынып отыр. 

«Халықтың кредиттері жыл басынан бері 6,9 трлн теңгеге жетіп,  3,7% ұлғайды. Құрылымына қарасақ, тұтыну несиелері  4,2 трлн теңгені, ал,  ипотекалық қарыздар 2  трлн теңгені құрады», - дейді Досаев. 

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, Қазақстан экономикасын қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасып жатыр. Атап айтсақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биыл тоғызыншы қазандағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 417 млрд теңгеге 450 өтінімді мақұлдап, 380,4 млрд теңге сомасына 661 қарыз берген.  Төтенше жағдайдан зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша тоғызыншы қазандағы дерекке сәйкес,  кәсіпкерлер 563,9 млрд теңге сомасына 2 275 өтінім берді, 419,5 млрд теңгеге 3 887 қарыз берілді, оның ішінде 65,8 млрд теңге бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді. 

«Ұлттық банк тұрғын үй құрылысын қолдап келеді. «7-20-25» бағдарламасы бойынша сегізінші қазандағы мәліметке сүйенсек, 280,5 млрд теңгеге 23 935 өтінім мақұлданған, оның ішінде 219,4 млрд теңге сомасына 18 822 қарыз берілді. «Баспана хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша  373,8 млрд теңге болатын  42 736 өтінім мақұлданды, 293,8 млрд теңге сомасына 34 437 қарыз берілді», - деді Досаев. 


кредит Ұлттық банк несие 7-20-25 Баспана хит

Хабарламаларға жазылу