Microsoft компаниясы өз қызметкерлеріне үнемі қашықтан жұмыс істеуге рұқсат берді. Енді лауазымы бойынша кеңсеге баруды қажет етпейтін жұмысшылар осы мүмкіндікті пайдалана алады. Компания қашықтан жұмыс істеуге кеткен бүкіл шығынды өтеп береді. Тіпті, онлайн жұмысына байланысты басқа елге қоныс аударса, компания бонус төлеуге дайын.
«Коронавирус пандемиясы бәрімізді жаңаша ойлап, жаңаша өмір сүруге, жаңаша жұмыс істеу қажет екеніне үйретті», - дейді компанияның кадрлар бөлімінің басшысы Кэтлин Хоган.
Алпауыт компанияның жаңа талабына сәйкес, қызметкерлер толық түрде онлайн режимде жұмыс істейді немесе икемді кестені пайдаланып үйде жұмыс уақытының 50% атқарады. Дегенмен кейбір персонал өкілдері үшін қашықтан жұмыс істеу мүмкін емес. Олар зертхана немесе деректер орталықтарында қызмет атқаратын адамдар.
«Microsoft қызметкерлерінің кеңседен тыс жұмыс орнын ұйымдастыруға кеткен барлық шығындарын өтеуге дайын. Сондай-ақ, компания басқа штаттарға немесе елдерге көшкені үшін өтемақы мен бонустар төлей алады, бірақ олардың мөлшері нақты жағдайға байланысты болмақ», - деп хабарлайды дереккөз.
Айта кеткен жөн, Microsoft қашықтан жұмыс жасауға мүмкіндік беретін жалғыз ІТ-компания емес. Бұған дейін Twitter басшысы Джек Дорси қызметкерлерге кеңселерге оралмауға және қашықтықтан тұрақты жұмыс істеп, мәңгі үйге қалуға рұқсат берген. Сонымен қатар, Google, Amazon және Facebook қызметкерлері де үйде жұмыс атқарады.