Астанада атысқандар 7 жылға сотталуы мүмкін – ІІД - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада атысқандар 7 жылға сотталуы мүмкін – ІІД

15.06.2016
Астанада атысқандар 7 жылға сотталуы мүмкін – ІІД

Елордада кеше түнгі сағат 23:00 шамасында атыс болды. Қазіргі уақытта бұзақылық жасағандардың барлығы қолға түскен. Олар – Астана қаласының тұрғындары. Егер айыптары дәлелденетін болса, олар 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова мәлімдеді.

«Қалада 14 маусым күні түнгі сағат 23:00 шамасында атыс болды. Тергеу барысында бұрыннан таныс 28 және 32 жастағы азаматтардың өзара жанжалдасып қалғаны белгілі болды. Екеуі де той ұйымдастырумен айналысады. Біреуі лимузиндерді жалға берсе, екіншісі тойда видео, фото түсірілімдер жасаумен айналысқан. Бізге белгілі болғандай, олар жеке бас мәселесі бойынша келіспей қалған. Қақтығыс Сәтпаев-Момышұлы көшелерінің қиылысында болған. Оған екі жақ достарын ертіп барған. Қатысушылардың біреуі травматикалық тапаншадан оқ атса,  тағы біреуі қорқыту үшін жаттығу гранатасын лақтырған», - деді ол.

Сондай-ақ, София Қылышбекова аталмыш іс бойынша қылмыстық іс қозғалғандығын атап өтті. Оның айтуынша, бұзақылар 7 жылға сотталуы мүмкін.

«Бүгінде ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабы, яғни «Бұзақылық» фактісі бойынша іс қозғалды. Егер де олардың айыбы дәлелденетін болса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  Қазіргі таңда бастапқы тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі.

«www.bnews.kz»

Хабарламаларға жазылу