2021 жылдан зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалануға болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2021 жылдан зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалануға болады

09.10.2020

Зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін шешіп алу жөнінде заңға түзетулер жыл соңына дейін қабылданады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады. Министр зейнетақы қорындағы қаражатты нақты кімдер алатынын атады. 

Азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделуге және инвестиция салу үшін ала алады. Сондай-ақ, тұрғын үй мәселесін шешуге жұмсауына рұқсат. Мәселен, үй кепілде болса, шешіп алған ақшамен кредитті жабуға болады. Мұндай мүмкіндікке қорда жинағы бар, еңбекке қабілетті азаматтар ие. Сондай-ақ, зейнеткерлер қорда қалған қаражатының 50%-ына дейін алуға құқылы.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Eңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 
-Бұл жердегі маңызды мәселе – жеткілікті шек не үшін белгіленеді деген сұрақ болып отыр. Елімізде 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген. Жұмыс істеп жүрген әр азамат жалақысының 10%-ын сол қорға аударып келеді. Бүгінде зейнетке жеткен азамат үшін зейнетақыны алудың үш көзі қалыптасқан. Ол – мемлекеттік бюджет есебінен жасына сай берілетін зейнетақы, базалық зейнетақылық төлем және жинақтаушы зейнетақы қорынан өз жинақтары есебінен берілетін зейнетақысы. Болжам бойынша, 2040 жылдан кейін біздің зейнет жасына жеткен азаматтарымыз үшін жинақтаушы қордан алатын зейнетақысы негізгі көзі болады. 

Үкімет зейнетақы жасын төмендетуді қарастырмайды. Министр көпті алаңдатқан сұраққа да нүкте қойды. Біржан Нұрымбетовтың сөзінше, қазір елімізде 65 жастан асқан азаматтардың саны көбейіп жатыр. Егер бес жыл бұрын 6,8 процент болса, биыл 7,7 процентке жетті. Сондай-ақ, осыдан он жыл бұрын зейнеткерлер саны жұмыс істеп жүргендерге қатысты 20%-ке пара-пар болса, қазір бұл көрсеткіш 30%-ға жетіп отыр. 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Eңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 
-Әлемде бұдан да жоғары. Мәселен, АҚШ-та 16-18%, Еуропада 20%, Ресейдің өзінде 15,5%. Сондықтан әлемдегі трендтерді ескеріп, бүкіл ел қайта зейнет жасын ұлғайтып жатыр. Еуропада, басқа да дамыған елдерде зейнет жасы біздікімен салыстырғанда бұрыннан жоғары.

Сөз соңында министр Нұрымбетов қазақстандықтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау туралы да айтты. Коронавирус індетінің екінші толқынына байланысты елде қатаң карантин жарияланса, Үкімет жұмыссыз қалғандарды назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді. Атап айтсақ, қазір 1 миллионға жуық адам жұмыссыз. Ал, коронавирус өршісе, тағы 160 мыңдай адам жұмыссыз қалуы мүмкін, дейді министр. 

Фариза Мұсақызы

Біржан Нұрымбетов зейнетақы

Хабарламаларға жазылу