2006 жылғы үлгідегі 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар айналымнан түсті. Бұл туралы бүгін Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2006 жылғы үлгідегі 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды айналыстан алудың төрт жылдық кезеңі аяқталғанын хабарлайды.
Бұл банкноттар 2006 жылғы 15 қарашада айналысқа шыққан болатын және 2016 жылғы 4 қазаннан бастап заңды төлем құралы болуын тоқтатқан еді. Екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық пошта операторы және Ұлттық банктің филиалдары төрт жыл бойы банкноттарды қабылдап, ұлттық валютаның қолданыстағы ақша белгілеріне айырбастап отырған. Төрт жыл мерзім аяқталды, енді ескі ақша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің, Ұлттық пошта операторының және Ұлттық Банк филиалдарының қабылдауына және айырбастауына жатпайды», - деп хабарлайды дереккөз.