Өндіріс тоқтады:Қырғызстандағы жаппай бүліктің экономикаға әсері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өндіріс тоқтады:Қырғызстандағы жаппай бүліктің экономикаға әсері

08.10.2020

Заңсыз шерулер кесірінен Қырғыз еліндегі алып өндіріс орындары жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Себеп, тонау көбейген. Саяси дағдарыстан әсіресе, қомақты инвестиция салған шетелдік компаниялар зардап шегіп жатыр. Арасында қазақстандық бизнесмендер де бар. Бір ғана «KAZ Minerals-тың» өзі кен өндіруді тоқтатып, жарты мыңнан астам адамды қауіпсіз жерге көшірген. Ал, қырғыздың ұлттық банкі елден қаржы сыртқа кетпес үшін банктік операцияларды тоқтатып тастады. Бір сөзбен айтқанда, бизнес абдырап, тұтас экономика тоқырауға шақ тұр. Мұның соңы елді әлеуметтік дағдарысқа ұшыратуы мүмкін. Әсіресе, халықты азық-түлікпен қамту мұң болғалы тұр. 

Қырғызстанда бір мезетте жүздеген адам жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі, қарақшылық шабуылдардан сақтану үшін шетелдік инвесторлар өндірісті азайтты. Не мүлдем тоқтатты. Мәселен, қазақстандық «KAZ Minerals» компаниясы Бозымшақ ірі мыс кенішіндегі жүздеген қызметкерін шұғыл қауіпсіз жерге көшіруге мәжбүр болған. 

Ермек Дюзкенов, «KAZ Minerals» компаниясының менеджері: 
-6-шы қазаннан бастап Қырғызстандағы Бозымшақ кенішінде өндіріс уақытша тоқтатылды. Ол кезде онда 550-ге жуық қызметкер мен мердігерлер бар еді. Қазіргі уақытта олардың көпшілігі қауіпсіз жерлерге көшірілді. Өйткені олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі біз үшін маңызды мәселе. Біз жағдайды бақылап, жағдайдың тұрақтануын күтіп отырмыз.

Алатау бөктеріндегі бүлік кесірі қазақстандық кәсіпкер Айбек Асанбекке де тиді. Кеспесінің тең жартысын Қырғызстанға жөнелтіп келген еді. Алайда, кешелі-бері іргедегі елмен сауда айналымы күрт тоқтады. 

Айбек Асанбеков, кәсіпкер: 
-Біз Қырғыз елімен өте тығыз байланыстамыз. Кеспе өнімдерін таситын негізгі нүктеміз еді. Бірақ, көріп отырсыздар, сауда орындарының дені жабылды. Бұл қашанға дейін жалғасатынын да білмейміз. 

Қазір көрші елде мемлекеттік органдар мен қаржы секторларының жұмысы тоқтап тұр. Банктер жұмыс істемейді. Ешкім ақша операциясын жасай алмай отыр. Бұған бүгін біраз кәсіпкер наразылық білдіріп, қаржы ұйымдарының қызметін жандардыруды талап етті. Ал, сарапшылар саяси дұрдараздық экономикалық дағдарысты тереңдетіп жіберу мүмкін деп отыр.   

Шерадил Бақтығұлов, саясаткер: 
-Ел бюджеті босады. Салық түспей жатыр. Коронавирус дағдарысына қазіргі ахуал қосылды. Сондықтан елдегі жағдай ушыға түсуде. Жұрт жалақысыз қалады. 

Қазірдің өзінде халықты азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамту қиындады. Ал, елдегі саяси жағдай шұғыл арада тұрақталып, кәсіпкерлер құқығы лайықты қорғалмаса, көптеген ірі өндіріс орындары тұралап, жүздеген адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ал, мұның соңы әлеуметтік дағдарысқа әкелері сөзсіз дейді сарапшылар.  

Асима Нұрбайқызы

Қырғызстан экономика

Хабарламаларға жазылу