Ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 60-тан асырмау керек. Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан депутат Айқын Қоңыров Үкімет басшысына осындай сауал жолдады. Олар коронавирус ең алдымен егде адамдарға қауіпті,-дегенге сүйеніп отыр. Сондықтан үлкендердің індеттен іргесін аулақ салу үшін қамқорлыққа алуды алға тартады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша COVID-19 вирусы жасы алпыстан асқан адамдарды алып кетіп жатыр. Әрі ауруды жұқтыру ықтималдығы егде адамдар да жоғары. Сондықтан зейнет жасын 60-қа дейін төмендету ұсынысы осы пандемияға байланысты жасалып отыр.
Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:-Биыл тамыз айынан бері 110 981 адам қайтыс болған. Олардың ішінде жасы алпыстан асқандардың саны – 78 637, яғни 71 пайызы. Тұмау тарайтын кезде COVID вирусынан өлім-жітім көбейе түсуі мүмкін. Індеттің екінші толқыны келетіні болжанып жатқан уақытта әсіресе егде жастағы кісілерді сақтауымыз керек.
Нысаналы Ығыл