Балалар арасында таралған коронавирус мектеп интернатына да жетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше онда білім алып жатқан бір бала вирус жұқтырып, мекеме карантинге жабылды. Елімізде кезекші топта вирус жұқтырғандар 52, ал жалпы ауырған балалар саны 138-ге жетті. Оқушылардың дені Шығыс Қазақстан, Солтүстік өңір және Павлодар облысында тіркелген. Балалардың басым бөлігі ауруды жеңіл өткеріп жатыр. 7-еуінің жағдайы орташа деп бағаланған. Екі баладан вирустық және бактериялық пневмония анықталды. Ал кавасакиге ұқсас синдромымен 45 бала науқастанып, өкінішке орай екеуі қайтыс болды. Жалпы, соңғы тәулікте індетке 66 адам шалдығып, көрсеткіш кешегі күнмен салыстырғанда 06 пайызға артты.
Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:-Жағдайдың тұрақтанғанына қарамастан карантин шараларынан біз күткен нәтиже болмай отыр. Науқастар саны қайтадан өсуде. Азаматтар санитарлық дәрігердің айтқан талаптарын орындамаса, тағы да қатаң карантин режиміне оралуымыз әбден мүмкін.
40 мыңнан астам медицина қызметкері қазанның 15-іне дейін үстемақы алады. Ол үшін сақтандыру қорынан 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жалпы, үстемақы алатындар тізімін өңірдегі арнайы комиссия жасақтайды. Олар мамандардың қалай, қандай жағдайда жұқтырғанын анықтауы тиіс. Жалпы коронавируспен күреске 79 мыңнан астам маман жұмылып, оның 13 мыңға жуығы індет жұқтырған.
Раушан Сайлауқызы