Бішкектегі тәртіпсіздіктер тыйылар емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бішкектегі тәртіпсіздіктер тыйылар емес

07.10.2020

Бішкектегі бүлік бүгін де жалғасты. Көршілес елдегі тәртіпсіздіктер әлі де тыйылар емес. Қырғыз басшысы Сооранбай Жээнбеков ресми сайтында бүгін екінші рет үндеу жасады. «Қазіргі міндет - бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету»,- деген президент халықпен бірге бұл қиындықты да еңсеретініне сенімді екенін жеткізді. Ал Садыр Жапаровты премьер-министр етіп тағайындау туралы шешімді құптамаған оппозиция өкілдері Халықтық үйлестіру кеңесін құрды.  

Тас-талқаны шыққан қырғыз парламенті. Баса көктеп кірген жастар ерсі қылықтарынан қымсынар емес. Әдепсіз сөздерін айтып, жағымсыз іс-әрекеттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы жер-жаһанға таратып жатыр.

Айдос Сарым, саясаттанушы: 
-Топтық мүдде, екінші жағынан аймақтық, рулық әңгімелер өкінішке орай басым болып кетті. Ондай әңгімелер жүрген кезде әрине оны криминалдық топтар да, ауылдың, қаланың тентектері де айқын пайдаланып отыр. Кеше көрдіңіздер қаншама бизнес нысандарға нұқсан келіп, талан-таражға түсіп жатыр. 

Иә, бейберекетсіздік басталғалы бизнес өкілдерінің берекесі қашты. Бірнеше күннің ішінде бұзақылар Бішкектегі ірі дүкендер мен мейрамхана, дәмханаларды сау тамтығын қалдырмай қиратып, тонап кеткен. Қақтығыстарға қатысушылар, тіпті, 6 жедел жәрдем көлігін де сындырып, ішіндегі қымбат құрылғыларды қолды қылыпты. Ал бүгін белгісіз біреулер қалалық су арнасын рейдерлік жолмен басып алуға әрекет жасаған.  

Жазалаудың жаңа түрі. Қошқор ауданында ашуға булыққан тұрғындар ауыл басшысы мен тәртіп сақшысын талға байлап тастаған. Бәзбіреулер қарудан оқ атты деген желеумен қос қызметкерді осылай жазамалауды жөн көрген. 

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы: 
-Наразалықты білдіру үшін бас салып жиналу, қирату, тас атқылау, дүкендерді тонау секілді тәртіпсіздіктерді құрал ретінде қолдану дұрыс емес. Бұл бейберекетсіздік көрші елде қалыпты жағдайға айналып барады. Қырғыз республикасының тұрақтылығын қалыпқа келтіретін ірі тұлғалар жоқтың-қасы. Сондықтан қарапайым халық опық жеп қалмаса болғаны. 

Саяси хаос. Әлем елдері астан-кестеңі шыққан, айыр қалпақты ағайынның бүгінін осылай бағалап жатыр. Халқымның келешегіне алаңдап отырмын деген Сооронбай Жээнбеков екінші рет үндеу жасады. «Елдегі бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету арқылы бұл қиындықтан шығамыз деп сенемін!»,-деді қырғыз президенті. Ал Садыр Жапаровты премьер-министр етіп тағайындау туралы шешімді құптамаған оппозиция өкілдері бүгін Халықтық үйлестіру кеңесін құрды.  

Осылайша әйелдер елдегі қақтығыстарды тоқтатып, тұрғындарды сабырға шақырып жатыр. Күн сайын түрлі жарақат алып ауруханаларға түсіп жатқандардың қатары артуда. Үш тәулікте зардап шеккен тұрғындар мыңға жуықтады. 5 адам хал үстінде жатса, бір адам қаза тапты. Бейбіт күнде Бішкекте басталған бейберекетсіздік әлі басылар емес. 

Жазира Оразқызы, Қуан Нұрақын

Бішкек Қырғыз елі шеру Сооранбай Жээнбеков

Хабарламаларға жазылу