Келер жылы отандық кәсіпорындардың маска өндіру қуаты 2 есеге ұлғаяды. Сондай-ақ, қорғаныс костюмдері мен арнайы медициналық қолғаптарды шығару көлемі де еселеп артады. Бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында фармацевтика өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары қабылданды.
Биыл дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың отандық үлесі 30 пайызға дейін артты. Енді бұл көрсеткішті кемітпей, кеңейте түсу керек. Ол үшін 5 жылда 78 млрд теңгеге фармацевтикалық 30 өндіріс іске қосылады. Яғни, дәрі-дәрмек өндіру көлемі 2,5, экспорт 3 есеге дейін ұлғаяды. 2 мыңнан астам жоғары білікті мамандар даярланып, оларға тұрақты жұмыс орындары ашылады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Дәрілік заттардың 297 жаңа түрін және медициналық бұйымдардың 2348 түрін шығару жоспарланған. Осы көзделген міндеттерді орындау арқылы ішкі нарықтағы ең қажетті деген дәрілер бойынша отандық өндірушілер өнімдерінің үлесін қазіргі 39% пайыздан 50% пайызға жеткіземіз.
Дәрі-дәрмек өндірісін өркендету қазір ауадай қажет. Оны әрі қарай дамыту мақсатында 5 жылға межеленген кешенді жоспар әзірленді.
Тағы бір маңызды сала – азық-түлік. Біздегі негізгі тауарлардың 23-і өзімізде өндірілгенмен, қалған алтауы әлі сырттан тасымалданады. Ол – алма, балық, шұжық, ірімшік, қант және құс еті. Импортқа иек артпай-ақ, өз әлеуетімізті пайдалануға мүмкіндік мол. Тек ол үшін өндірісті ұлғайту керек. Жауапты ведомства мұны алдағы 4 жылда реттейміз деп отыр. Ол үшін құс фабрикалары, ет комбинаттары, сүт, қант зауыттары ашылады. Алма бақтарының алаңдары үлкейеді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
-Еліміздің әлемдік азық-түлік хабтарының бірі болуға шынайы мүмкіндігі бар.Сондықтан үшін осы маңызды міндетті шешу үшін ауылшаруашылық кешенін дамыту үшін бұдан әлі де баса назар аударатын болады.
Нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толықтыру үшін кешенді жоспар құрылуы керек. Ол үшін Ауыл шаруашылық министрлігіне бір ай уақыт берілді. Асқар Мамин пандемия жағдайына қарамастан көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терімді тиянақты атқарған дала еңбеккерлеріне алғыс білдірді. Биыл өнім өткен жылғыдан көп жиналды.
Асима Нұрбайқызы