Қазақстандықтардың коммуналдық қарызы 17 млрд теңгеге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтардың коммуналдық қарызы 17 млрд теңгеге жетті

06.10.2020

Тұтынушылардың қарызды өтеуге шамасы жетпей жатыр. Әркім өз күшімен амалдауға мәжбүр. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға оңай соғып тұрған жоқ. Қазір қазақстандықтардың коммуналдық қарызы 17 млрд теңгеге жеткен.

Коммуналдық қарызынан құтыла алмай жүргендердің бірі – елордалық Сәуле Майлыбаева. Карантин кезінде жұмыссыз қалған жалғызбасты ана қазір жалданып жұмыс істеп жүр. Тапқаны мардымсыз. Төрт баланың анасы жазда ауырып та қалған. Бұл жығылғанға жұдырық болып отыр. Қылышын сүйреткен қыс қыр астында. Коммуналдық қарыз салдарынан ертең жылусыз қалам ба деп қорқады.

Сәуле Майлыбаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: 
Көпбалалы ана ретінде мемлекеттен 40 мың теңге жәрдемақы аламын. Ол азын-аулақ азық-түлік пен балалардың оқуынан аспайды. Электр қуатын жақында құрбым төлеп берді. Жұмыспен қамту орталығы ұсынатын жұмыстардың еңбекақысы 50-60 мың теңге ғана. Ол көңілімнен шықпайды. Қарыз болса өсіп келеді.

Қазір бас қаладағы коммуналдық қарыз – 2 млрд теңгеге жуықтаған. Берешегі бар тұрғындарды жылу көзінен ажырату жұмыстары биыл жүргізілмейді. Электр қуаты мен суға қарызы барларға ескерту жасалады. Құлақ аспаса, сот шешімі арқылы қызметтен қағылуы мүмкін.

Мақсат Есмағұлов, Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қарыз 1,9 млрд-ты құрайды. 500 млн-ы су арнасы бойынша. 1,4 млрд-ы жылу мен электр көздері. Қарыз бізде бір қалыпты болмайды. Яғни, динамикасы өзгереді. Кейде өссе, кейде нормадан төмен түседі. Жыл сайын тербеліс болып тұрады.

Жалпы қазір қазақстандықтардың коммуналдық қызметке қарызы 17 млрд теңгеге жеткен. Берешегі ең көп өңірлер де белгілі. Алғашқы бестікте Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қызылорда және Маңғыстау облыстары кіреді.

Қордаланған қарызды қайтару бойынша жыл сайын аймақтарда түрлі шаралар қолға алынады. Бұл ретте тұтынушының құқығы тапталмауы тиіс. Қызмет сапасы да ескеріледі. «Сондықтан жүйелі жұмыстардың заң шеңберінде болуы қатаң бақылауда», - дейді жауапты мекемедегілер.

Дарын Сағитов

Коммуналдық қарыз Нұр-Сұлтан

Хабарламаларға жазылу