Қырғызстанда парламенттік сайлау нәтижесі жарамсыз деп жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғызстанда парламенттік сайлау нәтижесі жарамсыз деп жарияланды

06.10.2020

Қырғызстан орталық сайлау комиссиясы жексенбі күні Жоғарғы кеңеске өткен сайлаудың қорытындысын жарамсыз деп жариялады. Ал Бішкекте алаңға шыққан адамдар Парламент үйіне де басып кірді. Бұған дейін олар президент пен үкімет кеңселеріне және қала әкімшілігіне күшпен енген еді. 

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, оппозиция тіпті республика билігін қолға алғанын да жариялап отыр.  

Шерулер парламенттік сайлауда билікке жақын екі партия жеңіске жеткеннен кейін басталды. Демонстрацияларды тарату үшін қауіпсіздік күштері су шашатын машиналар мен газ қаруын және құлақты шуылдататын гранаталарды қолданды. Қақтығыстар барысында 590 адам жараланып, біреуі қаза тапты. 

Митингке қатысушылар Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің штаб-пәтерлеріне де шабуыл жасап, түрмеден бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен екі экс-премьер-министрді босатты.

Президент Сооронбай Жээнбековтың мәлімдеуінше, оның оппоненттері билікті заңсыз алуға әрекет жасап отыр. 

Сооронбай Жээнбеков, Қырғызстан Президенті:
Құрметті отандастарым, кеше түнде кейбір саяси партиялар үкіметті заңсыз құлатуға әрекет жасады. Олар сайлауды сылтау етіп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзды. Және де олар құқық қорғау қызметкерлеріне бағынбастан, дәрігерлерді соққыға жығып, ғимараттарға зақым келтірді. Мен қантөгіске жол бермеу үшін оқ атпауға бұйрық бердім. 

Айта кетсек, бұған дейін билік парламенттік сайлауды қайта ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеген еді. 

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, үкіметтің бірнеше облыстағы өкілетті өкілі, Бішкек мэрі және кейбір министрлер отставкаға кетті. Ал үкімет үйінде уақытша кабинет құру жөнінде келіссөздер жүріп жатыр.

Арыстан Рысбек

Қырғызстан шеру парламент сайлауы

Хабарламаларға жазылу