Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли «қырғыз халқы ұзақ мерзімді мүдде үшін тиімді жол іздейді» деген пайым айтты.
Қазақстанның саясаттанушылары кеше Қырғыз Республикасында болған жағдай туралы пікірлерін айтып, жазып жатыр. Сонымен қатар, билік тарапынан Ақорданың ресми өкілі Берік Уәли көрші елдегі ахуалды тұрақтандыру тек Қырғыз Конституциясы мен сол елдегі заңдарға сай жүзеге асуы тиіс деп отыр.
«Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар – сол елдің ішкі мәселесі. Қазақстанда бауырлас Қырғызстанмен өзара дәстүрлі достық қатынастарды және стратегиялық серіктестікті нығайту аса маңызды деп санайды. Сонымен қатар көршілес елдегі ахуалды тұрақтандыру ісі Қырғызстанның Конституциясы мен заңдарына сәйкес жүзеге асырылады деп үміттенеді. Қырғыз халқы өз мемлекетінің ұзақ мерзімді мүддесі үшін күрделі жағдайдан шығудың тиімді жолын табады деп пайымдайды», -деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы өзінің жеке парақшасына.
Ал, саясаттанушы Никита Шаталов телеграмда жазғандай, елдегі қақтығыстарды демократия деуге келмейді.
«Қырғызстандағы жағдайды демократия деп айтып жүргенін көрдім. Бірақ, менің ойымша, бұл үлкен қателік. Бұның салдары – ҚХР алдындағы қарызы жалпы ішкі өнімнің төрттен бірін құрайды, ал, валюталық кіріс – контрабанда мен Ресей рубліне тең жалақы», - деп жазды Шаталов.
Марат Шибутов өзінің авторлық каналында жазғандай, 2005 жылғы сайлау сияқты, осы сайлау кезінде депутаттар дауысты сатып алған.
«Қырғыз Республикасындағы қазіргі жағдай 2005 жылғы революцияға ұқсас сияқты көрінеді. Ол кезде де дауыс сатылды, қазір де. Сол кездегідей, халық жемқорлықтан шаршады. Екі жағдайда да қарулы күш қатты қарсылық танытқан жоқ. Айырмашылығы, ол кездегідей президент қашып кеткен жоқ (әзірге), керісінше, Алмазбек Атамбаевты босатып алды. Жалпы, бәрі қайтадан қайталанып жатыр», - деп жазды Шибутов.
Еске салайық, 5 қазанда Парламенттік сайлау нәтижелері жария болған соң, Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздік басталды. Ереуілшілер сайлау қорытындысы әділ еместігін айтып, қарсылық білдірген. Наразы топ Президент резиденциясына басып кірді. Сондай ақ, тергеу абақтысында отырған бұрынғы Президент Алмазбек Атамбаевты босатып алды. Оқиғаға байланысты Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков мәлімдеме жасады. Ол жағдайды ушықтырмау үшін барлық шаралардың қабылданғанын айтып, халықты арандатушы күштердің үндеуіне құлақ аспауға шақырды.