Жыл сайын екі мыңдай бала жазатайым оқиғалардан көз жұмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл сайын екі мыңдай бала жазатайым оқиғалардан көз жұмады

05.10.2020

Қазақстанда жыл сайын екі мыңдай бала жазатайым жазым болады. ЮНИСЕФ халықаралық ұйымы мен денсаулық сақтау министрлігі жүргізген зерттеу қорытындысы осындай. Соңғы кезде өңірлерде мұндай жағдайлар тіптен жиілеп кетті. Көкшетауда 2 жасар бала 5-інші қабаттан құлап кетті. Қазір ол облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы ауыр. Бас сүйегі жарақаттанып, миы шайқалған. Анасы үйде жүрсе де, оқиғадан бейхабар болған. Бүлдіршінді көршілері көріп, жедел жәрдем шақыртқан.

Ал Батыс Қазақстанда үш жеткіншек көлікпен бірге суға батып кетті. Оқиға Достық ауылынының маңында болған. Табиғат аясында демалмақ болған екі отбасы балаларды қараусыз қалдырған. Салдарынан үшеуі машинада қалған кілтті бұраған. Биікте тұрған көлік өзенге қарай құлдилап, суға батқан.

Болатбек Белгібеков, БҚО ІІД баспасөз хатшысы:
-Полиция наряды барғанменде барлық шараларды орындады, суға түсіп, бірақ үлгере алмады. Өкінішке орай балаларды аман сақтап қалуға мүмкіндік болмады. Қазіргі таңда аталған факті бойынша тергеп-тексеру басталды.

Ал осыдан үш күн бұрын Таразда бір үйдің екі баласы газға уланды. Қайтыс болған нәрестелердің бірі екіде болса, екіншісі үш жаста. Өрт тұтанған кезде сәбилер үйде жалғыз қалған. Әкесі жалдамалы жұмыста, анасы емханаға көрінуге шығып кеткен. Болжам бойынша, балалар сіріңкемен ойнаған.  

Жалпы жыл сайын елде осындай оқиғалардың салдарынан 2 мыңдай бала мерт болып, 25 мыңы жарақаттанады. Зәуре Оспанова – 30 жылдан астам балалар дәрігері болып қызмет етеді. «Денсаулық» бағдарламасының ұлттық тренері. Оның пікірінше, мұндай жағдайларға тек ата-аналар кінәлі.

Зәуре Оспанова, Медицина ғылымдарының докторы, дәрігер, ЮНИСЕФ ұйымының өкілі: 
-Балаларды туғанынан бастап 8 жасқа дейін мүлдем жалғыз қалдырмау керек. Сіз өзіңізді жақсы ата-ана деп есептеуіңіз мүмкін. Бірақ, маңыздысы – жазатайым сәтте сіздің баланың жанында болмауыңыз. Сәбилермен ойнауды, үнемі қасында болуды үйреніңіз. Сол әдетке айналуы тиіс.

Фариза Мұсақызы, тілші:

-Соңғы 8 айда Қазақстанда 3 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жазаға тартылған. Себеп - жоғарыдағыдай бала тағдырына салғырт қараған. Ал 29-ы балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бірақ, өкінішке қарай, бұл жаза да қайғылы оқиғаларды азайтпай отыр.

Фариза Мұсақызы



Хабарламаларға жазылу