Індеттің өршуіне байланысты Ресей шекарасын қайта жабуы мүмкін. Короноварис жұқтырғандар қатары күрт артқан соң Мәскеуде барлық мектептерді жаппай онлайн оқуға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Қызметкерлердің 30 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті.
Индира Бегайдар, тілші:
-Қалыпты өмірге қайта ораламыз ба деген ресейліктердің арманы әзірге орындалмайтын секілді. Өйткені ауру жұқтырғандар саны қайтадан артты, бір күнде 8000-8500 адамнан індет анықталуда. Карантиндік шаралар тағы күшейтілді. 65-тен асқандарға үйден шығуға тыйым салынса, 43 сауда орны маска режимін сақтамағаны үшін 3 айға жұмысын тоқтатты.
Қатерлі инфекция жұқтырғандар саны 1 миллион 200 мыңнан асты, ауруханадағы орындардың 10 проценті ғана бос. Мемлекеттік Думаның өзінде 18 депутат коронавирус жұқтырып, ем қабылдауда. Елде «Қашықтан жұмыс істеу» туралы заң қаралып жатыр.
Андрей Исаев, Мемлекеттік Дума депутаты:
-Бұл заңға сәйкес қашықтан жұмыс істейтіндерді техникамен қамтамасыз ету жағы қарастырылады. Қанша сағат жұмыс істеу керек, айлығы қалай есептеледі. Осы сұрақтарды қараймыз. Ешкімнің құқығы тапталмауы тиіс.
Көрші елдің мамандары індет, шамамен, 2,3 аптаның көлемінде шарықтау шегіне жетеді деп отыр. Бұлай жалғаса берсе,көшеде бей-берекет жүруге тыйым салынбақ. Гамалея атындағы институт директорының мәліметінше, жаппай вакцинациялау қысқа дейін басталады. Бұл науқан сегіз айға созылады.
Алексей Привалов, Мәскеу қаласының тұрғыны:
-Жеміс-жидек жеп, сақтық шараларына аса мән беріп жүрміз, өйткені менің барлық таныс-туыстарым коронавирус жұқтырып алды. Бірақ кейбіреулер вирустың барына сенбейді. Бұл дұрыс емес.
Екінші толқынның экономикалық зардабы ауыр болмақ. Өйткені алғашқы карантиндік шектеулер кезінде Ресейде он миллионнан астам адам жұмыссыз қалды. Тіпті еліне жете алмай, далада қалған мигранттар ереуілге шықты.
Индира Бегайдар