АҚШ-тағы президент сайлауы: Байденнің рейтингі өсіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы президент сайлауы: Байденнің рейтингі өсіп келеді

05.10.2020

АҚШ президенті Дональд Трамптың денсаулығы қандай жағдайда екені әзірге белгісіз. Кейбір дәрігерлердің сөзінше, оның халі жақсы деуге келмейді. Дегенмен Ақ үй басшысы бүгін ауруханадан шығады деген мәлімет тарап отыр. Ал өткен тәулікте Трамп көліктің терезесінен жақтастарына қол бұлғап, үлкен сынға ұшырады. Нью-Йорк университетінің инфекциялық аурулар жөніндегі маманы Селин Гондердің ойынша, осы әрекеті арқылы президент өзгелерге қауіп төндірді. 

Айта кетсек, қазір Трамптың демократ қарсыласының рейтингі өсіп келеді. Қазанның 2-3-і күндері жүргізілген ұлттық сауалнама нәтижесіне қарағанда, алдағы сайлауда ересектердің 51 пайызы Байденге, 41 пайызы Трампқа дауыс беруге әзір. 

Бірінші дебатта мемлекет басшысы ақ нәсілді ұлтшылдарды айыптаудан бас тартты. Дегенмен ол афроамерикалықтар үшін жұмыс орындарын ашып, олардың компанияларына көмектесуге уәде берсе де, қарашаның 3-де талай афроамерикалық Байденді қолдайтындарын айтып отыр. 

Рени Уайт, Детройт тұрғыны:
Қара нәсілді адамның мұнда құны жоқ тәрізді. Бізге әлі күнге дейін жануарларға қарағандай қарайды. Сондықтан Байденді місе тұтқаннан басқа амалым жоқ.

Арыстан Рысбек

АҚШ президент сайлауы Дональд Трамп Байден

Хабарламаларға жазылу