Шымкентте газ тасымалдау тарифіне байланысты жария тыңдау өткізілді. Алдағы бес жылда отынның ең қолайлы осы түрін тасымалдау мен жеткізіп беру шығындары өсуі мүмкін. Бұл газ бағасына да әсер етеді деген сөз. Талқыға түскен өткір мәселені мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, тұтынушылар мен қоғамдық бірлестік мүшелері бірге талқылады.
Ірі мегаполиске айналған Шымкент қаласында соңғы жылдары газ желісінің ұзындығы күрт артты. Бүгінгі таңда ол 12 мың шақырымнан асады. Оның үстіне жергілікті әкімдік тарапынан жүргізілген газ желілері де шетінен «ҚазТарансГаз Аймақтың» меншігіне өтуде. Яғни, жаңа құбырлар мен желілерді күтіп ұстаудың шығындары да еселеп артқан.
Ернұр Ыбыраев «ҚазТарансГаз Аймақ» АҚ-ы Шымкент өндірістік филиалының директоры:-Мақсатымыз газды қауіпсіз әрі тұрақты жеткізу болғандықтан газ құбырлары талапқа сай болуы керек. Және ескі газ құбырларын жаңарту керек.
Газ тасымалдау тарифі Шымкентте соңғы рет осыдан бес жыл бұрын өзгерген. Газ компаниясы ұсынып отырған инвестициялық бағдарлама аясында шаһардағы осыдан 60 жыл бұрын салынған газ тарату қондырғылары мен құбырлар ауыстырылған еді. Енді сол модернизация бағдарламасына енбей қалған желілер жаңартылатын болады. Мұның бәрі - қысым тұрақты болып, қыста тұтынушылар қысылмауы үшін керек дейді мамандар.
Дархан Әбілқасымұлы, Шымкент қаласы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:-Қаншаға өседі айта алмаймыз. Біздің мамандар жақсылап қарайды. Қоғамдық бірлестік, тұтынушыларды да қосайын деп отырмыз. Жан-жақты қараймыз. Білікті экономистерді сырттан тартамыз. Енді нақты санға, экспертизаға өтеміз.
Жария тыңдауға қатысушылар енді табиғи монополияларды реттеу департаменті мамандарымен апта сайын кездесіп, өзгеріс енгізуді қажет ететін тұстарды талқыға салады. Нақтылайды. Тарифке байланысты түйінді шешім бір айдан соң қабылданатын болады.
Ғани Қалмаханов