Түркістан облысында праймеризге дауыс берушілер өте белсенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында праймеризге дауыс берушілер өте белсенді

02.10.2020

Ал осы уақытқа дейін еліміз бойынша праймеризде 300 мыңнан астам адам дауыс беріп үлгерді. Әсіресе Түркістан облысының халқы ерекше белсенді. Қазірге дейін өңірде 45 мыңнан аса адам онлайн түрде өз таңдауын жасады. Осылайша бұл облыс дауыс беру жағынан еліміздегі алғашқы үштікке еніп отыр. Аудан - қалаларда 209 арнайы орын белгіленді. Үш күн ішінде 80 мыңға тарта тұрғын саяси науқанға қатысады деген жоспар бар. 

Түркістандық Динара Нысанбаева демографиялық өсімі жоғары, халқы еңбекқор өңірдің мәслихаттары да мықты болуы тиіс деп санайды. Бес баланың анасы өзі тұрып жатқан қаланың болашағына бей-жай қарамайды. Оны дамытуға үлес қосатын азаматтарды іріктеуге бір кісідей атсалысты. Бүгін ол «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн түрде дауыс берді. 

Динара Нысанбаева, Түркістан қаласының тұрғыны: 
- Мен өзім көпбалалы анамын. Үйде көп уақыт қолым босай бермейді. Жұмысқа кетіп бара жатып, қолымдағы смартфонмен дауыс бере алдым. Өз таңдауымды жасадым. Онлайн режимнің пайдасы тиімдірек екен. 

Партия өкілдері іріктеуге жергілікті халықтың белсенді қатысып жатқанын айтады. Әсіресе, Келес, Сарыағаш, Жетісай аудандары мен Кентау қаласының тұрғындарының басым көпшілігі өз таңдауларын онлайн түрде жасап үлгерген.  

Бейсен Тәжібаев, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:  
-Азаматтар көпшіліктің ортақ ісінде қай кезде де көзқарастарын білдіріп, проблемаларды көтеріп, оның шешу жолдарын үнемі ұсынып келеді. 

Түркістан облысы бойынша праймеризге қатысуға 1 100-ге жуық азамат өтініш білдірген. Бұл республикада ең жоғары көрсеткіш. Саяси додаға қатысушылардың арасында түрлі сала өкілдері, жастар, көпбалалы аналар да бар. Дауыс беруге қатысатын партия мүшелерінің 80 мыңға жуығы онлайн түрді таңдаса, 10 мыңнан аса тұрғын қағаз бюллетеньмен дауыс береді деп жоспарланып отыр. Ол үшін дауыс беру орындары 600-ге жуық компьютермен қамтамасыз етілген. 

Айнұр Ақбаева

Түркістан облысы праймериз дауыс беру

Хабарламаларға жазылу