Армения ОБСЕ-нің Минск тобы төрағалығымен атысты тоқтату туралы келіссөз бастауға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Армения ОБСЕ-нің Минск тобы төрағалығымен атысты тоқтату туралы келіссөз бастауға дайын

02.10.2020

Армения ОБСЕ-нің Минск тобы төрағалығымен Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келіссөз бастауға дайын. Мұндай мәлімдемені бүгін осы елдің сыртқы істер министрлігі таратты. Даулы аймақта қарулы жанжал бүгін әрі қарай жалғасты. 

Таулы Қарабақта Әзірбайжан әскері мен этникалық армян күштері арасындағы қарулы қақтығыстар бүгін алтыншы күнге ұласты. Бұны бірер сағат бұрын «Рейтер» агенттігі хабарлады. Ал, Түркияның «Хабертүрк» телеарнасы жанжал жүріп жатқан аймақта армениялық дронның атып түсірілгенін көрсетті. Дегенмен, Ереван қарсы жақтың бір әскери ұшағы мен екі дронын жойғанын мәлімдеп отыр. Әзірбайжан жауынгерлері болса, шайқас барысында бірнеше техниканы қолға түсірген. 

Васиф Аллахвердиев, Әзірбайжан армиясының жауынгері:
-Біз Әзірбайжан армиясында қызмет етеміз. Жерімізді азат ету жолында жауымыздың бірнеше техникасын қолға түсіріп, оларды әскери базамызға жеткіздік. Территориямызды қайтарғанша, соғысты тоқтатпаймыз. 

Таулы Қарабақ үшін шайқас жексенбіде қайта жанданып, одан ондаған адам қаза тауып, жүздегені жараланды. Оқ тиіп ауруханаға түскендердің ішінде француздың «Монд» газетінің екі журналисі бар. Олардың бірінің жағдайы ауыр. 

Ал, Түркия президенті АҚШ, Ресей, Францияның ОБСЕ-нің Минск тобының күшімен Таулы Қарабақтағы жанжалды тоқтату әрекеттерін қабылдай алмайтынын ескертіп отыр. 

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
-Минск үштігіне кіретін Америка, Ресей, Франция осы проблемаға 30 жылға жуық немқұрайды қарады. Бұл – бір. Олардың ымыраға жол іздеуін қабылдай алмаймыз. Мәселе шешілсін десек, басқыншылар ол жерден кетулері керек. 

Армения қорғаныс министрлігіне сенсек, бүгін Әзірбайжан армиясы Таулы Қарабақ астанасы Степанакертке соққы беріп жатыр. Ал, Баку Армения күштерін Агдам аймағына снаряд жаудырды деп айыптады. 

Жексенбіден бері Таулы Қарабақ армяндары 150 адам жоғалтқан. Әзірбайжан әскерінен қанша адам қаза тапқаны белгісіз.

Таулы Қарабақ 1991-1994 жылдары 30 мың адамның өмірін қиған соғыс кезінде Әзірбайжаннан бөлініп кетті. Бірақ, оның тәуелсіздігін әлем түгіл, Арменияның өзі де мойындаған жоқ.

Арыстан Рысбек

ОБСЕ Армения Таулы Қарабақ Әзірбайжан

Хабарламаларға жазылу