Қордайдың бүгінгі тыныс-тіршілігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қордайдың бүгінгі тыныс-тіршілігі

02.10.2020

Жамбыл облысы Қордай ауданында орын алған оқыс оқиға өз орнына келе бастады. Бүлінген нысандар қайта жөнделіп, тұрғындардың татулығы қалыпты жағдайға түскен. Ал ала жаздай тер төккен диқандар өнімдерін жинап, базарларға саудалап жатыр. Кикілжіңнің кесірінен қорқыныш құшағында қалған бейбіт тұрғындар бүгінде ондай сезімнен арылған.

Қазір Қордай ауданындағы Қаракемер, Масаншы, Сортөбе ауылдарында мамыражай тіршілік. Тұрғындар күнделікті тірліктерін істеп, қыстың қамына кіріскен. Ал ауылдың белсенді азаматы Айша Идиво ауыл балаларымен бірге мемлкеттік тілді меңгеруге кіріскен. Қазір ауылдағы мемлекетік қызметкерден бастап тәрбиешілерге дейін мемлекеттік тілді үйренудің үш айлық курсын аяқтапты.

Айша Идиво, Масаншы ауылының тұрғыны:
Қазір ауылда 12 оқу тобы құрылған. Олардың дені алғашқы 2,5 айлық курсты аяқтады. Күнделікті қолданыстағы негізгі сөздерді сөйлей бастадық. Бұдан әрі тоқтамай өз мемлекеттік тілімізді үйренуге барымызды саламыз. Тіл үйрету орталығының мамандарына алғысымыз шексіз.

Төтенше жағдай кезінде Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында 65 нысан бүлінген. Оларды қалыпқа келтіру үшін 213 млн теңге қарастырылған. Қазір 54 үйдің құрылысы толық аяқталды. Ал, аздап зардап шеккен жүздей нысан жергілікті кәсіпкерлердің көмегінемен қалпына келді.

Ерғазы Бозшаев, Қаракемер ауылының тұрғыны:
Қазір аралысып-құраласып тұрамыз, барлығы дұрыс, ынтымақта, бірлікте татулықта тұрап жатырмыз.

Масаншы ауылындағы 18 мыңнан астам тұрғынның басым бөлігі бау-бақша егумен айналысады. Бүгін де егіс алқаптарында қайнаған тірлік.

Рамазан Инва, диқан:
Қазір пиязды жинап жатырмыз, жұмысшылардың көпшілігі осы ауылдың тұрғындары. Еңбек етіп, табыс табуға ешқандай кедергі жоқ. Биылғы өнімді қоймаларға жинап алайық деп жанталасып жатырмыз. 

Қазір ауылдағы ақсақалдар алқасы елді мекендегі татулық пен бірлікті арттыруға күш салуда. Олар жастарға мемлекеттік тілдің маңызы мен тарихын терең тануға бағыт-бағдар беріп отыр. Ауыл тұрғындары татулықты ту етіп күн кешуді өмір сүру салтына айналдырса ғана ырыс пен береке бізге нәсіп болады дейді. 

Сәбит Әлдебай 

Қордай Жамбыл облысы масаншы

Хабарламаларға жазылу