Атырау облысында екі оқушы интернет іздеп биіктіктен құлады. Салдарынан қолдарын сындырды деген ақпарат жарияланып жатыр. Бірақ Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Дарын Тұяқов мұны жоққа шығарды. Оқыс оқиғаның онлайн оқытуға қатысы жоқ деп отыр. Біреуі трактордан құлап жарақаттанса, екінші оқушы салынып жатқан үйдің үстінен құлап кеткен.
Дарын Тұяқов, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:-Ауылдармен байланысқа шығып сұрадық. Жантерек ауылында 41 бала оқиды. Олар ол жерде офлайн оқу керек болған.
Жалпы, жыл аяғына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендердің барлығы интернетпен толық қамтамасыз етіледі. Бүгін елдегі ірі үш ұялы байланыс операторы желілерді бірлесіп пайдалану туралы келісімге келді. Нәтижесінде, көп ұзамай 1000-ға жуық ауылға сапалы интернет жетеді. Ол үшін елімізде алғаш рет ауқымды инфрақұрылымдық жоба қолға алынып жатыр. Онда қажетті желіні бірлесіп салу мен ортақ пайдалану жоспарланып отыр. Ал 250-ден астам тұрғыны бар ауылдарға жоғары жылдамдықтағы интернет 2-3 жылдан кейін ғана келеді.
Асима Нұрбайқызы