Келер айдан бастап 4 ақылы жол пайдалануға берілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер айдан бастап 4 ақылы жол пайдалануға берілмек

01.10.2020

«Қарағанды - Балқаш» бағытындағы 360 шақырым жол қайта жөнделіп жатыр. Бұрынғы 2 жолақты тас жол 4 жолақты болып кеңейтілді. Бұл жол Нұр-Сұлтаннан басталып Теміртау, Қарағанды, Балқашқа дейін одан әрі Алматыға жалғасады. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары келер жылы аяқталып 2022 жылы толықтай пайдалануға берілмек. 

Аталған бағыттағы жолды жөндеу жұмыстарына 2 мердігер компания, мыңға жуық техника және 5 мыңдай маман тартылды. Бұл ең алдымен, халықаралық тасымалдың артуына әсер етеді. Өйткені «Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Балқаш» тасжолын қайта жаңғырту Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресейге шығуға мүмкіндік береді.  

Ұлан Әліп, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы: 
-Бұл жол ақылы болады. Баға бір шақырымға 1 теңге жеңіл көліктерге, жүк көліктеріне 1 шақырымға 15 теңгеден басталады. 
Фариза Мұсақызы, тілші:
-Біз қазір Қарағанды-Балқаш бағытындағы тас жолдың бойындамыз. Ал қарашадан бастап елімізде тағы 4 ақылы жол пайдалануға берілмек. Бастапқыда ол жолдар тестілеуден өтетіндіктен, мамырға дейін ол жолдармен жүру тегін болмақ. Бір ерекшелігі ол жолдарда бекеттер болмайды. Өйткені, оған шығын көп кетеді екен. Сондықтан, жолаушылар төлемді онлайн жүргізеді. Ал жауапкершілік танытпай, жолдармен тегін қатынамақ болғандарға айыппұл салынбақ. 
Арман Есжанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК төлемдерді қабылдау жүйесі бөлімінің басшысы:
-Республика бойынша 2024 жылға дейін 11 мың шақырым ақылы жол болады. Оның арасында Нұр-Сұлтан-Қостанай, Нұр-Сұлтан-Павлодар, Павлодар-Семей-Қалбатау, Қызылорда-Шымкент-Тараз жолдары осы жылы тестілеу пайдалануға беріледі.  

Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биылға дейін ел көлемінде 13 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылда 24 мың шақырым жол қайта жөнделетін болады.

Сондай-ақ, елде жол салатын мердігер компаниялардың рейтингі әзірленеді. Арнайы комиссия құрылып, сапасына баға береді. Егер компания жұмысынан ақау табылса, балы кемиді. Осылайша, жауапсыз мердігер компаниялар қатары азаймақ.

Фариза Мұсақызы

Нұрлы жол ақылы жол

Хабарламаларға жазылу