Жаңақорған ауданында құрт ауруынан жылқы қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорған ауданында құрт ауруынан жылқы қырылып жатыр

01.10.2020

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында гастрофилез ауруынан жылқылар қырылуда. Төрт-түлікпен күнелтен ауыл тұрғындары 200 жылқыдан айырылдық деп мемлекеттен өтемақы сұрауда. Бірақ, ресми орындар бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. 

Жылқыға қырғидай тиген кесел тамыз айының ортасында басталған. Жайлауда жүрген мал бірнен соң бірі ауырып, тоғай ішінен өлекселері табылған. Қандай жұт келгенін білмеген ауыл тұрғындары өз төлдерін шама-шарқынша емдеп, аман алып қалуға тырысыпты. Бірақ, одан еш нәтиже шықпаған. 

Ғалымжан Дайрабаев, ауыл тұрғыны: 
-Паста деген үлкен шприц бар соны тамағына жібереміз. Кішкене құлындарға екі бөліп береміз. Ешқандай әсері болып жатқан жоқ.

Малдың қырылуына гастрофилез ауруы себепші болған. Яғни, жылқының ішкі ағзасын құрт жеп, миына шапқан кезде өледі. Мұндай эпизотиялық жағдай қазір төрт ауылда тіркеліп отыр. Ал қолындағы малынан айырылған жұрт жергілікті биліктен көмек сұрауда. 

 Әбдіманап Әкімбек, ауыл тұрғыны:  
-Бізге реті келсе осы малдың аздап болса да өтемақысын берілсе дейміз. 

Аймақтың бас ветеринары Жаңақорған ауданында нақты саны 94 жылқыдан гастрофилез ауруы анықталып, 29-ы өлгенін мәлімдеді. Дегенмен, бұл кенеттен келген кесел емес дейді мамандар. Құрт ауруының алдын алу үшін мал иелері ерте көктемде қамданып, тиісті вакцинация жүргізуі керек. Бірақ, бұл шаралар уақытында жасалмаған. Соған қарамастан, ветеринарлар қолдан келген көмегін беріп, 63 жылқыны емдеп, аман алып қалған. 

Ерсұлтан Әпетов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы: 
-Алдын алып емдеп, дер кезінде көмек көрсетсе жазылады. Бұл ауру өтіп миға түсіп, көмейдегі құрттардың бәрі зақымдап, бәрі болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емдеуге мүмкіндік бермей жатыр. 

Ал малынан айырылып, шығынға батқан шаруаларға мемлекет өтемақы төлемейді. Себебі, гастрофилез ауруы Ауыл шаруашылығы министрлігі бектіктен қауіпті 14 жұқпалы індеттің тізімінде жоқ. Сондықтан, заңға сәйкес шығын өтелмейді. 

Әділбек Серікұлы 


қызылорда облысы Жаңақорған ауданы гастрофилез құрт жылқы

Хабарламаларға жазылу