Ақтөбе қаласындағы лаңкестік оқиғасына байланысты іздеуде жүргендердің арасында 33 жастағы Бақыт Қуанышбаев та бар. Екі баланың әкесі жұмысқа кетіп, кейін мүлде оралмаған. Оның отбасы мен ата-анасы теледидар арқылы суреті берілген кезде ғана балаларының күдіктілер қатарына ілігіп, іздеуде жүргенін білген. Б.Қуанышбаевтың анасы Гүлсім Қуанышбаева халықтың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Ана жүрегі баласының адам өлтіргеніне сенгісі жоқ.
Бақыт Қуанышбаев осыдан 3 жыл бұрын отбасын құрған. Екі ұлы бар. Екі жарым жастағы Омар мен 9 айлық Мұса әкелері туралы хабарды білмейді, білсе де маңыздылығын түсінбейді.
Ал жұбайы Айнұр Омарова күйеуінің бір күштің жетегінде кеткенін айтып налыды.
«Күйеуім жұмыстан шығарда «қазір келіп, Оразаға азық-түлік аламыз» деді. Бірақ сол кеткеннен хабар жоқ. Мен оның адам өлтіргеніне сенбеймін. Ол аңғал, адамға сенгіш, тіпті мысықтан қорқатын адам. Кішкентай бала сияқты болды. Бір ойым бар, оған дәрі егіп, ақыл-есінен адастырып, сол жерге апарған болар»,- дейді А.Омарова.
Ал анасы Гүлсім Қуанышбаеваның қайғылы күннен бері көз жасы бір құрғаған емес.
«Екі балам бар. Балаларым ештеңеден таршылық көрмей, қатарынан қалмай өсті. Өзім қатты таң қалып отырмын. 2-3 жылдан бері Алланың ақ жолына түсіп, бес уақыт намазын оқыды. Бір қасиеті бар, ол - сенгіш, аңғал. Жетекке еріп кеткен болар. Оқиға болған күні «халықты қырып жатқан адамдар оңбағандар, адам емес, жауыз шығар» деп айттым. Өз балам бар деп ойламадым. Ондай ой да болған жоқ. Мен ана ретінде халықтың қайғысына ортақпын. Ана ретінде жүрегім жылап отыр. Балам ондайға бармайды. «Жұмысқа кетіп бара жатырмын, түстен кейін келемін. Ертең Ораза, түстен кейін базарға шығып, азық-түлік аламыз» деді. Ал бүгін мынадай жағдайға тап болып отырмыз. Мен не айтарымды білмеймін. Баламды біреу алдап алып кеткен шығар»,- дейді ол.
Г.Қуанышбаева хабарды естіген көршілерінің алаңдап, оның мұндай әрекетке барғанына сене алмай жүргендерін, отбасының айналаға сыйлы екенін айтады.