Шекара маңындағы жерлерде Қазақстанның не телеарнасы, не радиосы таралмайды – депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекара маңындағы жерлерде Қазақстанның не телеарнасы, не радиосы таралмайды – депутат

30.09.2020
Шекара маңындағы жерлерде Қазақстанның не телеарнасы, не радиосы таралмайды – депутат

Депутат Берік Дүйсенбинов Мәжілісте еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елді мекендерді интернетпен қамту, отандық БАҚ-тың таралу аумағына қатысты мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал жолдады.

«Бүгінгі ақпараттық заманда интернет, ұялы байланыс, теледидар, радио қоғам өмірінің ең бір маңызды тетігіне айналды. Әлеуметтік желінің, теледидар мен радионың маңызды мақсаттарының бірі – аудиторияға ақпарат таратумен қатар, саяси-мәдени, идеологиялық тәрбие мен насихат жұмысын жүргізу екендігі де жасырын емес. Сондықтан еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселелердің біріне айналып, оны ұлттық қауіпсіздік санатына жатқызу қажеттілігі туындап отыр», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, елімізде бүгінгі күнге дейін қазақстандық коммуникация желілерімен қамтылмаған елді мекендер бар. 

«Мысалы, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының Қытай шекарасына жақын орналасқан өңірлерде қазақстандық не теледидар, не радио, не интернет ұстамайтын жерлер бар. Бірақ Қытай жақтан қазақ тілінде радио сайрап тұрады. Ал шекара маңындағы жергілікті халық тек қытай радиосын тыңдауға мәжбүр», - деді Дүйсенбинов.

Осы орайда Мәжіліс депутаты шекара маңындағы аймақтардағы ұялы байланыстың қызметтеріне де назар аударуды талап етті.

«Биыл Тәуелсіздігімізге табандай 29 жыл толады. Сонда осы уақыт ішінде ақпараттық, байланыс жүйеміздің тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмағанымыз ба? Халқымыздың, оның ішінде жас ұрпақтың отаншылдық, патриоттық сана-сезімінің, ұлттық ар-намысымыздың, ұлттық қауіпсіздігіміздің тамырына балта шабатын мұндай құбылысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да тиесілі мемлекеттік мекемелер неге назар аудармайды, неге тиесілі әрі табанды іс-шара қабылдамайды», - делінген депутат сауалында.

Айгүл Абуталапқызы, Нұр-Сұлтан

Хабарламаларға жазылу