Депутаттар несиенің шекті пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар несиенің шекті пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді ұсынды

30.09.2020
Депутаттар несиенің шекті пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев несиенің шекті пайыздық мөлшерлемесін төмендету жөнінде Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасына депутаттық сауал жолдады.

«Соңғы кездері қоғамда несиелік рақымшылық жасау мәселесі жиі көтеріліп жүр. Пандемия жұмыссыздық деңгейінің өсуіне, шағын және орта бизнестің күйреуіне ықпал еткені белгілі. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйенсек, биыл кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан қазақстандықтар саны 1,5 есеге көбейіп, 2,3 миллионнан асты. Яғни, еліміздің әрбір сегізінші азаматы кедейлік зардабын тартып жатыр. Бұл - мұнай өндіруші мемлекет үшін ұят сандар. Сондықтан халықтың несиелік рақымшылыққа қатысты талаптарын түсінуге болады», - деді депутат.

Азат Перуашевтің айтуынша, кредитті кешіру мәселесінің шығуы нақты мына себептерге байланысты: банктердің несие мөлшерлемесін негізсіз көтеруіне және жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасының жоқтығына.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы мына меселелерге назар аударуды ұсынды: 

- Тұтынушылық, ипотекалық несиенің мөлшерлемесін 7-8 процентке дейін төмендету;

- Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізу;

«Әйтпесе несиелік рақымшылық жасау талаптары тұрақты сипатқа ие болып, қаржы жүйесі бұзылады. Ал осы уақытқа дейін несие төлеп жүргендерді қарызын қайтармауға мәжбүр етеді», - деді депутат.

Хабарламаларға жазылу