Елде тері өңдеу ісі құрдымға кетуі мүмкін. Бүгінде теріні экспорттауға салынатын салықты алып тастау мәселесі көтеріліп жатыр. Бұған жеңіл өнеркәсіп иелері алаңдаулы. Ал ұсынысты ортаға салған құзырлы органдар жақ ашпайды.
Шағын цехтың бар шаруасы шетелдік шикізатқа байланған. Тері Ресейден келеді. Ал өзіміздікінің сапасы сын көтермейді. Тілім-тілім,-дейді өндіріс жетекшісі. Рас. Биыл 6 айда ірі қара, жылқы және ұсақ малдан 5,5 млн тері қабылданған. Соның тек 1%-ы өңделіп, саудаға шығарылған. Себебі, бізде теріні сыпыратын қондырғы қолданылмайды. Пышақпен сылып, қырық тесік қып өңдеу цехына өткізеді. Сондықтан Жәнібек сияқты кәсіпкерлер шикізатты сырттан тасуға мәжбүр.
Жәнібек Сәрсенбаев, өндірістік кәсіпорын басшысы:
-Бізде бірдеңе шығарылғанын көрдіңіз бе? Теріден болсын. Бізде жеңіл өнеркәсіптің дамығанын көрдіңіз бе? Ондай ештеңе де болған жоқ. Егер қолдаудың орнына экспорттай берсек солай жалғаса береді. Салықты алып тастаса жағдай тіптен мүшкіл.
Жәнібек экспорт турасында текке айтқан жоқ. Қытай терінің сапасына қарамай қабылдап, оны ұндай үгітіп, түрлі қоспа қосып, түбінде нығыздалған былғары шығарады. Былғары деген аты ғана. Заты тез тозады. Ал енді сол экспортқа салынатын салықты алып тастау мәселесі көтеріліп жатыр. Егер солай болса былғары мен аяқ-киім өндіру саласы құрдымға кетеді,-дейді қауымдастық төрағасы.
Любовь Худова, Қазақстан жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті:
-Елдегі комбинаттардың жүктемесі 20%-ғана. 13 кәсіпорынның 3-еуі жұмыс істеп тұр. Теріні экспортқа шығаруға салық жойылса жағдай тіптен мүшкіл болады. Қазірдің өзінде Қытай шикізатты тиынға алып кетіп жатыр. Ал салық салынбаса бәрі сонда сатады. Ұсыныс құжатқа айналмай тұрғанда тоқтату керек.
Мәселеге үңіліп, түсіндіріп беруі үшін құзырлы органдарға хабарластық. Бірақ министрліктер бір-біріне сілтеуден ары аспады.
Нысаналы Ығыл, тілші:
-Жалпы жеңіл өнеркәсіп қазір қыл үстінде тұр. Егер саланы сақтап қалуға ынта болса онда халықтың тұтыну көлемінен кем дегенде 30%-ға тауар шығарылуы тиіс. Ал отандық өндірушілердің қауқары қандай? Біз ең азы 20 млн жұп аяқ киім тігудің орнына 1 млн-ға әзер жеткізеді екенбіз. Себебі, шикізат жетпейді...
Нысаналы Ығыл