Instagram аудиториясы ең көп қамтылған елдер тізімінде Қазақстан бірінші орында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Instagram аудиториясы ең көп қамтылған елдер тізімінде Қазақстан бірінші орында

29.09.2020
Instagram аудиториясы ең көп қамтылған елдер тізімінде Қазақстан бірінші орында

Әлем бойынша Instagram аудиториясы ең көп қамтылған елдер тізімінде Қазақстан бірінші орынға шыққан. Бұл statista.com-ның 2020 жылдың шілде айына келтірген дерегі.  

Фотосуреттермен бөлісу қосымшасын Швецияда аудиторияның 62% қолданса, Қазақстан мен Бруней бірігіп, әрқайсысы 68% аудиторияны қамтып бірінші орыннан көрінген. Аталмыш тақырыпқа орай «MarketPro Consult» зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова өз пікірін білдірді.  

«Жалпы, бұрын Instagram желісін көп пайдаланатын аудитория 18-21 жас аралығындағы әйел адамдар болатын, олардың желіні пайдалану уақыты түскі үзіліс пен кешкі уақыт еді. Коронавирустың әсерінен бұл желідегі жас шамасы да ұлғайып кетті. Оны көпшілік бизнес құралына айналдырған, жарнама көзі болды десекте болды. Сондықтан жас шамасы адамдардың жұмысы онлайнға өзгеруіне байланысты 18-ден 50-ге дейін өзгерді. Instagram-ның бірінші орынға шығауына бірден-бір себеп осы» - дейді әлеуметтанушы. 

«Әрбір желінің шарықтау шегімен қатар, құлдырауы да болады»

Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова әрбір құбылыстың шарықтау шегімен қатар, «тынатын» уақыты да келуі мүмкін екенін айтып отыр. Дегенмен, қазір желі авторлары әлемдегі өзгерістерге сай, интерфейсін жаңартуды үйренген. Сол арқылы дамуға ұмтылады.

«Әрбір әлеуметтік желінің өз аудиториясы сақталып қалады. Бірақ, қазір олар өзінің интерфейстарын жақсылап өзгертіп, адамдарға ыңғайлы қылып жатыр. Оның бәрі өз аудиторияларын жаңарту және жасарту үшін керек. Facebook желісінде көбіне үлкен кісілер отыратын болса, Instagram жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Әлеуметтік желілер заманауи болған сайын аудиториясы кең бола бастайды. Бірақ, әрбір желінің шарықтау шегімен қатар, одан түсуі де мүмкін. Әлемдегі тенденция мен технологияға ол тікелей тәуелді. Дүниежүзіндегі үрдістер қаншалықты жүріп жатса, әлеуметтік желілер де соншалықты өзгеру керек. Егерде олар қадам-қадаммен өзгеріп отыратын болса, ол әлеуметтік желі өлмейді», - дейді Салтанат Оразбекова.

Ақбота Айбекқызы, Нұр-Сұлтан


Хабарламаларға жазылу