2020 жылғы 11 қыркүйектегі Үкімет қаулысымен Құрлық әскерлерінің Әскери институтына армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сағадат Нұрмағамбетов – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы. Ол ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында даңқты жауынгерлік жолын Берлинде аяқтаған. Кеңес Одағы кезінде М.И.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіргеннен кейін ол түрлі штабтық және командалық лауазымдарда, Венгриядағы Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары қызметтерін атқарды. Тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Биыл әскери жоғары оқу орны жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт ішінде Құрлық әскерлерінің Әскери институты 13 мыңнан астам офицерді даярлап шығарды. Олардың ішінде 80-нен астам түлек Қазақстанда да, сондай-ақ шет мемлекеттер де генерал шенін иемденген.