Шардара ауданындағы балық шаруашылығы қолдауға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара ауданындағы балық шаруашылығы қолдауға зәру

24.09.2020

Түркістан облысы Шардара ауданындағы балық етін өңдеу зауыттары шикізат тапшылығына кезігіп отыр. Жыл сайын жасанды теңіз қойнауынан бар болғаны 3,5-4 мың тонна ғана балық ауланады. Ал кәсіпорындардың шикізатқа деген сұранысы бұдан 3-4 есе көп. Балықшылардың айтуынша бүгінгі таңда кәсіптерінің ілгері баспауына кедергі көп, қолдау аз болып тұр. Салаға маман жетіспейді. Ветеринария, жем азықты субсидиялау және тауарлық балық сату ісі дұрыс жолға қойылмаған. 

Мына шаруашылық торлы шарбақтарда балық өсіруді алғаш қолға алғандардың бірі. Суға тұқы және бекіре шабағын жіберген. Күніне бес мезгіл қолдан азықтандырады. Шетелде өндірілетін жемнің бағасы тым қымбат. Ал өзімізде шығарылатында құнарсыз. 

Бақытжан Серманизов, Балық шаруашылығы өндірістік коперативі басқарма төрағасы: 

-Бірінші мәселе балықтың жеміне берілсе, екінші балық ауырғандағы дәрілік препараттар субсидиясы, сырттан құнды тұқымдарды кіргізген кезде салықтан жеңілдік болса дейміз. 

Сазан мен бекіре тұқымнан өзге балыққа да сұраныс көп. Бірақ оларға субсидия берілмейтіндіктен көбейіп жатқан жоқ. Шардарадағы балық етін өңдеумен айналысатын 5 зауыт болса, шикізат іздеп шарқ ұрып жүреді. Оның үстіне броконерлік де тыйылмай тұр. Биылдың өзінде заңсыз тор құрған 54 азамат әкімшілік жазаға тартылған. Олардан 5 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді. 

Шәкен Боранбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

-Үш қылмыстық іс болған. Балықтың мөлшері көп болса қылмыстық іс болып тіркеледі, құқық қорғау органдарына өткізіледі. 

Егістік немесе жайылымдық жерінен жасанды тоған істеп, балық тұқымын көбейтумен айналысып жатқан шаруашылықтардың жұмысы да қиын. Жердің нысаналы мақсатын өзгерте алмай әлек. 

Нариман Жүнісов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрілігі комитеті төрағасының орынбасары:  

-Бизнестің бұл түрін дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына бірқатар өзгерістер енгіздік. Атап айтқанда инвестициялық даму, балық етін өңдеу ісін және аналық тұқымды ұстауға, ветеринарлық препараттарды сатып алуға кететін шығындарды субсидиялау мәселесі көтерілді. 

Субсидиялау заңына енгізілетін бұл ұсыныстар жуырда көпшілік талқысын ұсынылмақ. Онда балық шаруашылығындағы маман жетіспеушілігін шешу үшін Білім министрлігіне балық өсіруші, ихтиолог, ихтиопатолог мамандар даярлау туралы хат жолданды. Қазіргі қажеттілікке сай жоғары оқу орындары жыл сайын 100-ге тарта білікті маман оқытып шығаруы тиіс. 

Ғани Қалмаханов 


Хабарламаларға жазылу