Мұғалжар бұлақтарының бітеліп қалуынан Жем өзені тартылып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұғалжар бұлақтарының бітеліп қалуынан Жем өзені тартылып барады

23.09.2020

Батыстағы Жем өзені жыл өткен сайын тартылып барады. Табиғат жанашырлары экологиялық апатқа бір қадам жақын тұрмыз деп дабыл қағып жатыр. Өзенге соңғы 3-4 жылда жарытып су да келмеген. Кесірінен, тіршілік нәріне байланған қожалық иелері шығынға батып, жергілікті жұрттан береке қашты. Тілшіміз Жандос Темірғалидің бейнематериалы.

Жандос Темірғали, тілші:

- Бір кездері толқыны тулап, арнасына сыймай тасып жататын Жем өзенінің бүгінгі жағдайы аянышты күйде. Бір тамшы суға зар болып тұр. Әр жерден үзіліп қалған. Тіпті, мынадай болып топырағы шығып, кеуіп жатыр. Біз қазір өзен арнасының қақ ортасында тұрмыз. Жойылудың аз-ақ алдында тұрғанын осыдан байқауға болады. Жемнің бойын сағалаған «Аман-Есен» шаруа қожалығында биыл жұт. Су тапшылығынан шаш етектен шығынға батты. Аянбай еңбек еткен жұмысшылардың маңдай тері ақталмады. 75 гектар жердегі егіннің 50 гектары түгі қалмай қурап кетті. 

Аслан Сатқынов, «Аман-Есен» шаруа қожалығының өкілі: 

- Еккен егініміздің 30 пайызын ғана тердік. 70 пайызы судың тапшылығынан жерде қалып қойды. Жұрттар тасып құймайсыңдар ма деп айтып жатады. Тасуға мүмкіншілік жоқ. Бұл 1 гектар не жарты гектар жер емес.

Жем бойындағы Жылыой ауданында 250 қожалық бар. Дені малмен күн көреді. 200-ге жуығының шаруашылығы осы өзенге байланған. Кәсіп иелері құрғақшылықтың әбден қажытқанын айтады. Амалы таусылған олар көрші өңірлердегі жайылымға көшуге мәжбүр.  

Сейітжан Балжігітов, «Достан ата» шаруа қожалығының басшысы:  

-3-4 жылдан бері қарай осы елімізде жұт болып жатыр. Су болмағаннан кейін өте қысылудамыз. Малымыз осы жерден 160 км жерде жайылуда.

Жемнің жерге сіңіп, суының тартылуы – Мұғалжар бұлақтарының бітеліп қалуынан. Мамандар Жемнің бойындағы бұлақтар ғылыми тұрғыда зерттелмеген дейді. Өзен проблемасы экологтардың да өзегін өртейді. Бұл табиғи апат деп отыр. 

Асылбек Шыңғысов, «Жылыой табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: 

- Қазір көріп тұрғаныңыз Жемнің табаны. Табанымен жол салып тастады. Бұл деген табиғи апат. Яғни, ауданымыздың эко-баланс, экожүйесі бұзылды деген сөз.

Биыл Жем тасымады. Өткен жылы бар болғаны 44 млн текше метр су құйылды. Бұл қалыпты норманың тек 13 проценті ғана. Проблеманы шешуге бағытталған арнайы жоба да жоқ. Жауаптылар жағы ұсыныспен ғана шектелуде. 

Ғалидолла Азидуллин, Республикалық «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы: 

-Су қоймасын салу мәселесі жөнінде біздер жергілікті атқарушы органға ұсыныс бердік. Су ресурстар комитетіне де ұсыныс бердік. Жобаны қайтадан жасау керек.      

Жемнің тағдыры жетісіп тұрған жоқ. Суға мұқтаж шаруалар болса, көктен жаңбыр тілеуден арыға бара алмайды. Арнасы кепкен өзен мен амалы таусылғандардың мәселесі қашан шешілетінін дөп басып ешкім айта алмай отыр. 

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу