15 млрд тг керек: Мақташылар жиын-терім жасауға ақша таппай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

15 млрд тг керек: Мақташылар жиын-терім жасауға ақша таппай отыр

23.09.2020
15 млрд тг керек: Мақташылар жиын-терім жасауға ақша таппай отыр

Мәжіліс депутаты Үкіметтен мақташылардың мәселесіне назар аудуруды сұрады. «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Құдайберген Ержан оңтүстіктегі диқандар қуаңшылық пен пандемия кесірінен қиындыққа тап болғанын айтып, Үкіметке сауал жолдады.

«2020 жылдың мамыр айында Шардара су қоймасына келетін судың аз болатынын болжай тұра, ҚР Су комитетінің шешімімен, Өзбекстанның Арнасай су қоймасына бір миллиард текше метрден астам су тасталды. Бұл - апатты жағдайда жұмыс істеуге тиіс гидроқұрылым. Нәтижесінде, Түркістан және Қызылорда облыстарының диқандарының алқаптарына су жетіспей, шаруа зардап шекті», - деді ол.

Оның сөзінше, қоймадағы су мемлекеттің табиғи қоры болып саналады. Яғни, ол қордан бөліп, өзге мемлекетке беру, Су ресурстары комитетінің құзырына жатпау керек.

«Пандемия салдарынан болып жатқан дүниежүзілік дағдарыс мақташыларға үлкен проблема тудырып отыр. Сатып алушы болмағандықтан жиын терімді жүргізуге қаржы көзі табылмай тұр. Ұлттық банктің заңды тұлғаларға нақты ақшаны пайдалануға 120 млн теңгеден аспайтын лимиті кедергі болып тұр. Ал керегі 15 миллиард теңгеге жуық ақша», - делінген сауалда.

Айта кетейік, биылдыққа 125 мың гектарға мақта егілген. Ол 330 мың тоннаға жуық өнім.

Хабарламаларға жазылу