Еуропада вирус жұқтыру оқиғалары қайта көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада вирус жұқтыру оқиғалары қайта көбейді

22.09.2020

Планетада коронавирус жұқтырғандар 31 миллионнан, ал одан қайтыс болғандар 963 мыңнан асты. Сонымен қатар, Еуропаның кейбір елдерінде пандемия қайта күш алып отыр. Әлемдегі бүгінгі эпидемиялық ахуалға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.  

Түркияда коронавирус жұқтырғандар 300 мыңға таяп қалды. Сонымен қатар, осы аурудан 7400-і қайтыс болған. Кейінгі кездері пандемия қайта күшейіп, күніне кемінде 1600 адамнан Covid табылатын болды. Бұл – сәуірдегі көрсеткіштен де жоғары. Жұқтырғандар арасында дәрігерлер де бар. Осы дағдарыс кесірінен медиктер мен үкімет арасында араздық күшейіп келеді. Докторларға сенсек, билік эпидемияның нақты ауқымын жасырып отыр. 

Халис Иерликайа, Түркия медиктер қауымдастығы орталық комитетінің мүшесі:

- Бар кінәні халыққа жауып, бар ауыртпалықты дәрігерлердің мойнына арту дұрыс емес. Сол үшін шеруге шықтық. Ал, пандемия туралы шынайы сандар көлеңкеде қалып жатыр.

Алайда, елдің денсаулық сақтау министрлігі мұндай сындарды жоққа шығарып, Covid-тан төнген қауіпті дер кезінде хабарлап отырғанын мәлімдеді. «Қарт құрлықта» да коронавирус жұқтыру оқиғалары қайта көбейді. Соған қарамастан, аймақ елдерінің саяси басшыларына осы жолғы эпидемияны карантинсіз тоқтату туралы қысым күшейіп отыр. Еуропа Аурулардың алдын-алу және бақылау орталығының дерегінше, соңғы 14 күнде бес елде 100 мың адамға шаққанда 120-дан астам вирус жұқтыру оқиғасы тіркелген. Солардың ішінде Испания алда тұр. Одан кейінгі орындарда Франция, Чех Республикасы, Хорватия, Румыния келеді. 

Натали Роше, медбике:

- Мұндай пациенттердің саны күн өткен сайын көбейіп келеді. Алда не күтуге боларын, науқастарды қалай емдеу керектігін бұрынғыдан жақсырақ білеміз. Бұл - шындық. 

Әлемнің 156 мемлекеті болашақта коронавирусқа қарсы вакцинаны әділ таратуды қадағалайтын COVAX жобасына қосылды. Бұл схемаға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшылық етеді. Оның өкілдерінің айтуынша, COVAX 2021 жылдың соңына дейін әлем бойынша 2 миллиард вакцина дозасын пациенттерге жеткізуді мақсат етіп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Covid-ке қарсы препараттардың көбі бай-бақуатты мемлекеттерге кетіп қалады деген қауіп туындаған еді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу