Ресейде оқып жатқан қазақстандық студенттердің мәселесі шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде оқып жатқан қазақстандық студенттердің мәселесі шешіледі

22.09.2020

Қазақстан Ресей нарығында отандық өнімді арттыруға ниетті. Өткен жылғы сауда айналымы 360 млн доллардан асқан. Биыл ол еселене түспек. Бірақ сауда-саттық пен өзге де салалардағы атқарылуы тиіс қыруар шаруаны әлі де жүйелеу керек. Осы мақсатта көрші елдегі Қазақстан елшісі қазақтар көп қоныстанған Омбы облысына жұмыс сапарымен барды.  

Ежелден көрші екі елде ынтымақтың көкжиегі жан-жақты дамыған. Пандемияға байланысты шекара жабылып, бизнеске салмақ түссе де, сауда айналымы кеміген жоқ. Керісінше арта түсті. 170 млн доллардан асты. Бұл - алғашқы жарты жылдағы көрсеткіш. Дегенмен ірі, ілкімді жобалар қажет. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев Омбы облысының губернаторымен кездесуде әріптестікке жаңаша серпін беруді сөз етті. Омбы жерінде 10 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды. Олардың мәселесі да назардан қалмады.

Ермек Көшербаев, Қазақстанреспубликасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстандық студенттердің Ресейге оралып, сабаққа қатысуы маңызды болғандықтан, іс-шаралар атқарылуда. Омбы, Новосібір, Түмен облыстарында білім алып жатқан студенттеріміздің көлік қатынасы арқылы шекара асуына көмек көрсету маңызды.

Александр Бурков, Омбы облысының губернаторы:

- Қазақстандық студенттерді вирус өршігенде еліне қайтаруға көмектескен едік, тіпті Томскіде оқып жатқан жастардың отанына жетуі үшін қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қызметкерлеріміз ілесіп жүрді. Енді олардың Ресейде білім алуы үшін қолдан келгенше жағдай жасауға әзірміз.

 Студенттерге қолдау көрсетуге өңірдегі жоғары оқу орындарының ректорлары да мүдделі. Оқу жылы басталып, індетке байланысты Ресейге жете алмай қалған Қазақстан студенттері жатақханасыз қалмауы тиіс. Тіпті форс-мажор жағдайда сабақты қашықтан жалғастыруға рұқсат етіледі.

 Дмитрий Маевский, Омбы мемлекеттік техникалық университеті ректорының міндетін атқарушы:

- Оқудан шығарады, шығармайды деген уайым болмау керек студенттерде. Әрқайсымен жеке байланыс орнатып, жағдайды түсіндіру, қорқынышты сейілту үшін тапсырмалар берілген.

Омбыда 120 ұлт өкілі тұрады. Ең ірісі қазақ диаспорасы. 83 мыңнан астады. 12 орта мектепте қазақ тілі оқытылады. Кездесу кезінде бірыңғай қазақ орталығын құру жайы сөз болды. 

Сондай-ақ ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында әскери госпитальда ем қабылдап, ауыр жарақатынан айыққан қазақ солдаты, жазушы Кемел Тоқаевтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Бұл бастаманы жергілікті қоғам белсенділері көтеріп, жүзеге асырған. 

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу