Өскеменде электр энергиясы ақысына қатысты шу шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде электр энергиясы ақысына қатысты шу шықты

21.09.2020

Шығыстың бас шаһарында электр энергия ақысына қатысты тағы да шу шықты. 2-3 жыл бұрын пайдалануға берілген көпқабатты баспана тұрғындары үйдің жалпы шығыны деген желеумен бізден заңсыз ақша алып жатыр деп шағымданды. Айтуларынша, кейбір пәтер иелері ай сайын тек электр қуаты үшін 12-13 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған бұл үйлер 2017 жылдан бері қарай жалдамалы баспана ретінде мемлекеттік қызметкерлер мен жас отбасыларға беріле бастаған. Тұрғындардың айтуынша, коммуналды төлемдер түбіртегінде үйдің жалпы шығындары деген жазу кейін пайда болды. Бірақ, мұндағы тұрғындардың айтуынша, осы төлемді жасау бойынша ешкім ешқандай хаттамаға қол қойып, келісім бермеген. Ал үйлерді сенімді басқаруға алған серіктестік басшылығының айтуынша, бұл - электроэнергия үшін құрылыс кезінен қалған қарыз. 

Владимир Трунов, «УК ГЖЭУ» ЖШС директорының орынбасары:

- Біз осы үйге алғаш кірген кездегі уақытқа оралуымыз керек. Сол уақытта үйді салған мердігер компания пайдаланған электр энергиясы осы жалпы есептегіш құралда көрсетіліп тұрды. Оны ешкім елемеген. Сол айырмашылық анықталса мұндай түсініспеушілік болмас еді. Ай сайын 7-8 мыңдап ешкім ақша төлемес еді.

Ал энергетиктер үй шығынына кететін ортақ төлемді алуға құқымыз бар, дейді. Өйткені үйді салып, жалға беріп отырған жекеменшік иесінің шарты сондай.

Айнаш Абдулманова, «Шығысэнерготрейд» ЖШС бас директорының орынбасары:

- Бізбен осы баспаналардың меншік иесі «Samruk-Kazyna Construction» мекемесімен арада өзара толтырылған хаттама бар. Біз сол хаттама күшіне қарай ортақ үй шығыны төлемін алуға құқылымыз. Ал енді мердігер компанияның үйді салған кездегі электр шығындары тұрғындарға артылды деген сөзге келіспейміз. Ол шындыққа жанаспайды.

Бір ғана емес, 9 қабатты 9 үйде артық төлемнен бөлек үй сапасына қатысты да проблема шаш етектен. Бірақ тұрғындардың көпшілігі мемлекеттік қызметте істегендіктен, мәселені жасырмай айтудан тартынады.    

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу