500 млн теңгеден астам қаржыны талан-таражға салды,-деп күдікке ілінген бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі әлі тергеліп жатыр. Олжас Әбішев толық іске қосылмаған ақпараттық жүйеге ақша аударған. Қазір ол қабылдап алған платформа жұмыс істемейді. Бұл туралы Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы айтты. Айта кетейік, вице-министр биыл тамызда ұсталған. Сондай-ақ елордадағы «Астана» концерт залының экс-директорына қатысты іс тергеліп жатыр.
Жанат Элиманов, Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы:
- Біздегі ақпарат бойынша Олжас Әбішев жұмыстың істелмегенін біле тұра актіге қол қойған. Ақшасын да толық төлеген. Оның қағаз жүзінде қабылдап алған ақпараттық жүйесі әлі де жұмыс істеп тұрған жоқ.
Қазақстанда бірқатар букмекерлік кеңселердің жолы кесілді. PariMatch бәс тігу орталығының жетекшісі түрлі онлайн-ойындарды заңсыз ұйымдастырған. Қазір Украина азаматының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек Profit Betting, Finbet, Инбет, StavkaBet букмекерлік кеңселерінің де теріс қызметі әшкере болды. Тізім мұнымен бітпейді. Тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топтың 60 сауда нүктесінде 230 ойын-автоматын орнатқаны анықталды. Бір жыл ішінде осындай көлеңкелі бизнестің түсіретін пайдасы 60 млрд теңге. Бұлардан басқа Германия азаматы басшылық еткен қылмыстық топ құрықталды. Ол заңсыз ойындарды Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз бен Қызылордада ұйымдастырған. Қылмыстық жолмен тапқан қаржы көлемі 800 млн теңгеден асады.
Нысаналы Ығыл