Tengri Bank-тің қаржылық және өзге де операцияларды жүргізуге құқығы жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Tengri Bank-тің қаржылық және өзге де операцияларды жүргізуге құқығы жоқ

18.09.2020

Tengri Bank ақыры лицензиясынан айырылды. Енді қаржылық және өзге де операцияларды жүргізуге құқығы жоқ. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. 

Екінші деңгейлі банктер қатары тағы сиреді. Tengri Bank акционерлерінің қаржы ұйымын сақтап қалу әрекеті нәтиже бермей, банк құрдымға кетті. Жағдайдың осылай тынары әубастан-ақ белгілі еді. Жыл басында Tengri Bank салымшыларына 98 млр теңге қарыз болып қалды. Кейін клиенттердің шоттары бұғатталып, 10 теңге де шеше алмайтын жағдайға жетті. Сондықтан банк үстінен шағым түсіріп, қаржы нарығын реттеу агенттігі тексеріс жұмыстарын бастаған.    

Дәурен Нисинбаев, ҚР Ұлттық банкі банктерді реттеу департаментінің басқарма бастығы:

- Бұл шешімге себепкер болған банктің 2020 жылдың ішінде жол берген заң бұзушылықтары. Ол дегеніміз клиент төлемдері мен аударымдарын жүргізбеу, агенттік қойған нормативтерді орындамау және де агенттіктің қойған талаптарын орындамау. 

Tengri Bank-тің жауапкершілікті орындай алмауының бірнеше себебі бар. 2015-2017 жылдары халыққа берілген несиелердің қайтарылмауы солардың негізгісі. Проблемалық несиелердің көптігінен несие портфелінің сапасы төмендеген. Әрі жыл басында банк клиенттері қаражатын жаппай әкете бастапты. Банктің акционерлермен арадағы ішкі даулары да мәселені одан бетер күрделендірді. Мамырда Tengri Bank-тың директорлар кеңесі жаңарып, ірі акционері, үндістандық Punjab National Bank 17 млрд теңгедей ақша құйған. Бірақ ол қаражат клиенттер алдындағы міндеттемелерді азайтуға ғана жетті. Осылайша банк жұмысын толығымен тоқтатты. Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы бөлімшелері жабық тұр. Бірлі-екілі тұтынушылары ғана болмаса, есіктерін торуылдап жүрген адам көрінбейді.

Агенттік өкілдері салымшылардың алаңдауына негіз жоқ дейді. Өйткені депозиттегі қаражаттары қазан айының бірінші жартысында қайтарылады. Оны Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өтейді. Алайда қаражат тек ұлттық валютамен беріледі. Кепілдік сомасы мерзімдік депозиттер бойынша 15 млн теңге, ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша 10 млн теңге және шетелдік валютадағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеге дейін қайтарылады.

Алмаз Кұдайбергенов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:  

- Жеке тұлға немесе жеке кәсіпкердің екі және одан да көп депозиттері бар болса, қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемдегі кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Ал өтелмей қалған артық ақша бойынша салымшылар банкті ерікті тарату туралы шешімі заңды күшіне енген соң банкті тарату туралы комиссияға өтініш бере алады. Төлемді алу үшін салымшыда жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті. 

Әлсіз банктердің жабылып жатқаны жақсы дейді экономист мамандар. Мақсат Халық қаржы нарығындағы осы саясаттың орынды екендігін айтады.

Мақсат Халық, GSB UIB директоры, экономист:  

- Соңғы 3-4 жылда біраз банктерді мемлекет құтқармай, қайта керісінше банкрот болса олардың банкротқа баруына жол беріп жатқан жағдайы бар. Қаржы нарығында бәсекеге қабілетті, халыққа жақсы қызмет көрсете алатын, корпоративтік этикасы жоғары банктермен ғана қалатын едік. 

Еске салайық, соңғы үш жылда бірнеше банк банкротқа ұшыраған. 2017 жылы - Казинвестбанк, 2018 жылы - Delta bank, Qazaq banki, Эксимбанк, Астана банкі жабылып тынған еді. Ал, Tengri банкқа қазір уақытша әкімшілік тағайындалды, Ол банкті тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейді.  


Ләйлә Дулат 

Хабарламаларға жазылу