Әлемде коронавирус жұқтырғандар 30 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар 30 миллионнан асты

18.09.2020

Еуропада пандемия қайта күшейіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағып отыр. Ал, әлемде коронавирус жұқтырғандар 30 миллионнан асып кетті. Израиль бірінші болып, ұлттық деңгейдегі карантинге екінші рет жабылып жатыр. 

Еуропаның көптеген елдері коронавирустың тарауын тоқтату үшін жаңа шаралар қабылдауға әзірленіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының осы аймақтағы директоры Ханс Клуге мәлімдегендей, өткен аптада «Қарт құрлықта» 300 мыңдай адам Сovid жұқтырған. 

Бұл – наурызда эпидемия өршіген кезде тіркелген көрсеткіштерден де жоғары. Ұлыбританиямен бірге Франция, Испания, Нидерланды жаңа карантин туралы жақында жариялайды деген болжам бар. 

Мэттью Хэнкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

- Біз кейінгі екі аптада вирус жұқтыру оқиғаларының көбейгенін байқап отырмыз. Сонымен қатар, әрбір сегіз күнде коронавируспен ауруханаға жатқызылған адамдар саны екі есеге артып отыр. 

Израиль әлемде екінші рет карантинге жабылған алғашқы мемлекет атанып отыр. Бүгін басталатын үш апталық ұлттық карантинге сәйкес, жергілікті тұрғындар үйлерінен 500 метрден артық ұзап кетпеуі тиіс. Сонымен қатар, мектептер мен кәсіпорындар жабылып жатыр.  

Биліктің шектеу шараларын қайта енгізуіне оқу жылы басталып, компаниялар ашылғаннан кейін коронавирус жұқтырғандардың күрт көбеюі себепші. Сәрсенбі күні Covid-19 диагнозы 5 мыңға жуық адамға қойылған. Жалпы, пандемия басталғалы, Израиль қауіпті инфекциядан 1163 адам жоғалтқан екен. Бірақ, жаңа карантин елдің бір бөлігін ашындырып отыр. 

Давид Хошид, Иерусалим тұрғыны:

- Мен бұл карантинді мүлде қолдамаймын. Өзім дауыс берген үкімет қатты қателесті деп ойлаймын. Бұл шешім бостандығымыз бен экономикамызды жойып жатыр. 

Соңғы мәліметке қарағанда, әлемде коронавирус жұқтырғандардар 30 миллионнан асып, кемінде 940 мыңы қайтыс болған. Пандемиядан ең қатты зардап шеккен үштікке АҚШ, Үндістан, Бразилия кіреді. 

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу