Салық міндеттемелерін жеңілдету бойынша талқылау жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салық міндеттемелерін жеңілдету бойынша талқылау жүріп жатыр

18.09.2020

Салықтардың тым ретсіз салынуы көлеңкелі экономиканың қанат жаюына сеп болуы мүмкін. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 40-қа тарта міндетті төлем түрлері барын айтты. Олардың көбі мәжбүрлік сипатта өндіріледі. Соның бірі, әрі іскер ортаның табысын жасыруға итермелейтіні – шегі белгіленген қосымша құн салығы. Яғни, кәсіпкердің тапқан пайдасының мөлшері 75 млн теңгеден асса, 3 пайыздың орнына, мемлекетке берешегі еселеп өседі. Сондықтан бизнес иесі артық тапқанын көлеңкелі жолмен игеруге мәжбүр. Осы ретте экономист Мақсат Халық бизнеске бөлшек сауда салығын енгізуді құп көреді.   

Мақсат Халық, GSB UIB директоры, экономист:

- Егер бөлшек сауда салығы енгізілетін болса онда азаматтарымыз салықтарын уақытылы төлеуге бет алады. Бұл да жеңілдетілген салықтың декларациясына байланысты. Сондықтан осындай әділ салықтардың болғаны орынды. 

Салықтың төлем құнын өсіруге де негіз жоқ. Өйткені қосымша құн салығы 16%-ға, корпоративті табыс салығы 24%-ға көбейеді деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл көлеңкелі экономикаға жол ашуға соқтырады дейді мамандар. Жалпы салық кодексі 5 рет қабылданған. Барлығында да салықтық міндеттемелер жеңілдеудің орнына жүк болып келді. Президенттің салық жүйесін күрделендірмей, санын азайту туралы мәлімдемесінің де себебі сол. Жеке тұлғалардың жер және мүлік салығын біріктіру туралы ұсыныс та түскен. Көп пәтерлі тұрғын үй иелерінен жер салығын алып тастау жағы айтылды. Тараптардың ұсыныс-тілектерін зерделейтін арнайы жұмыс тобы құрылған. Салықты оңтайландыруға байланысты өзгерістер 2021 жылға қарай іске аса бастайды. 

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу