Құс тұмауы анықталған 7 аудандағы 10 ауыл карантинге жабылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құс тұмауы анықталған 7 аудандағы 10 ауыл карантинге жабылады

17.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысындағы 7 ауданда құс тұмауының ошағы анықталды. Тура бір апта бұрын, яғни 9 қыркүйектен бастап Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аудандарындағы 10 ауылда құс қырыла бастаған. Бүгінгі күнге дейін облыста қырылған құстың саны 7 мыңнан асып кетті. 

Сағындық Сәбитұлы, тілші: 

- Қызылжар ауданындағы 5 ірі құс фабрикасының 3-еуі Якорь ауылында орналасқан. Құс тұмауының ошағы анықталған елді мекендердің бірі де осында. Облыстық әкімдіктің қаулысы күшіне енгеннен кейін, блок-бекеттер орнатылады. Яғни, ауылдан құс пен құс өнімдерін шығаруға тыйым салынады.    

Осы бір елді мекенде-ақ айына 45 миллион дана жұмыртқа өндіріліп, еліміздің бірқатарлар өңірлері мен Ресей, Ауғанстанға экспорттап келген. Енді уақытша өндіріс тоқтатылды. Ал құс тұмауы анықталған 7 аудандағы 10 елді мекенде зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Құс иелерінің шығындары анықталып, өтемақы төленбек. 

Марат Ыбыраев, аумақтық ветеринарлық қадағалау инспекциясының басшысы:  

- Қораларды аралап акт жасалады. Сол акт бойынша құрылған комиссия құсты санайды. 

Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің Түмен, Омбы, Қорған облыстарымен шекаралас. Көршілерде де жағдай оңып тұрған жоқ. Мысалға дәл іргедегі Казанский ауданында жабайы құс қырылып жатыр.  

Евгений Петроков, Түмен облысы Казанский ауданы ветеринарлық орталығының директоры: 

- Бұл көлге өтуге және басқа да бір іспен айналысуға тыйым салынған. Осыдан бірнеше күн бұрын өлген аққулардан құс тұмауы анықталды. Қазіргі күні ветеринарлық бекет орнатылып, бұл жерден өткендердің киімін, заттарын зарарсыздандырамыз.  

Жалпы, құс тұмауы Қазақстанда соңғы рет осыдан 15 жыл бұрын тіркелген. Бірақ, адамдарға жұққан емес. Десе де мамандар сақтық шараларына көп көңіл бөлген жөн дейді.  Мамандар құс өлекселерін жою мен зарарсыздандыру жұмыстарына кірісті. Ал тұрғындардың жеке ауласындағы құстарын қамауда ұстауға кеңес беріп отыр.

 Сағындық Сәбитұлы 

Хабарламаларға жазылу