Мемлекеттік қызметкердің отбасы мүшелеріне де сыйлық алуға шектеу қойылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік қызметкердің отбасы мүшелеріне де сыйлық алуға шектеу қойылмақ

17.09.2020

Бұдан былай шенеуніктердің кез келген сыйлықты алуына тыйым салынады. Сенат осыған қатысты арнайы заң жобасын екінші оқылымда қарап, бірнеше түзетулер енгізді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкердің отбасы мүшелеріне де сыйлық алуға шектеу қойылғалы отыр.  

Алдымен сенаторлар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заң жобасын қарап, бір ауыздан бекітті. Оның негізінде Бурабай, Көкжайлау сияқты курортты аймақтардағы мақсатты пайдаланылмай тұрған жер телімдері мемлекет еншісіне қайтарылады. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бүгін қабылданған заң қоршаған ортаны қорғау аясындағы бірқатар маңызды мәселені оң шешуге мүмкіндік береді. Оның ішінде Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жеріне қатысты мәселелер де бар. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының нақты тапсырма бергені белгілі. Бүгін көпшілікті алаңдатқан осы мәселе де заң аясында шешімін тауып отыр.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын реттейтін құжат екінші оқылымда қаралды. Сыйлық алуына тыйым салынатын қызметкерлер қатарына өзге жоғары лауазымда отырған тұлғалар енуі керек. Депутаттар тарапынан осындай ұсыныс түсті.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Квазимемлекеттік қызметкерлердегі ұлттық қордан бөлініп жатқан бюджеттік қаражатын мемлекеттік сатып алуға қатысты заңбұзушылықтар болған жағдайда, оның жауапты қызметкерлері де, сол аталған сектордың осы мемлекеттік қызметкерлердің санатына теңестірілгендер де жауапкершілікке тартылады. 

Өзгені жауапқа тарту үшін жала жауып, немесе арандататындарға да жаза күшейтілмек. 

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

- Бұл заңға өзгерістер енгізу Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Құжат күшіне енген соң құқық қорғау органдарының қызметкерлері тек заң шеңберінде қызмет етеді деп сенеміз. 

Жалпы Сенат бүгін заңның 4 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Мәжілістің қайта қарауына жолдады. 

Оңғар Алпысбайұлы 

Хабарламаларға жазылу